Заманына сай зертхана

20150619-03-01Медицинаның заманауи даму жолында зертханалық диагностиканың алар орны ерекше. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенер болсақ, бүгінде бүкіл әлемдегі емдеу мекемелерінде жүргізілетін түрлі зерттеулердің 60 процентін зертханалық зерттеулер құрайды екен.

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасының басты бағыттарының бірі де осы зертханалық қызметті жетілдіру болып табылады. Осы іс бүгінде қалай жүзеге асырылып жатыр? Жалпы, зертханалардың жұмысына елдің көңілі толады ма деген сауалдар төңірегінде біз қаламыздағы медико-лабораториялық зерттеу орталығы «Диагностика» өндірістік кооперативінің директоры Бақытжамал ТөлеубековаҒА жолықтық.

– Бақытжамал Ахмадиқызы, әңгімені өзіңіз басқарып отырған орталықтың құрылу тарихынан бастасақ.

– Мына сәйкестікті қараңыз. Биыл біздің орталықтың құрылғанына тура 35 жыл болыпты. Ең алғаш 1980 жылы сол кездегі облыстық денсаулық сақтау бөлімін басқарған Тамара Михайловна Янкованың ықпалымен кеншілер қаласында клиникалық-диагностикалық орталық болып құрылдық. Оның облыстық штаттан тыс басшысы болып Нелли Ивановна Федорова тағайындалды. Зертханада республикалық штаттан тыс лаборанттар жұмыс істеді.

Зертхана негізінен сол жылдардағы облыстық аурухана мен №1 қалалық ауруханаға, медициналық-санитарлық бөлімге, емханаларға емделуге келген сырқаттарға зертханалық сараптамалар жасады. Біздің жұмысымыз ауқымды болды. Зертханада 30-40 маман жұмыс істеді. Оның алтауы жоғары білімді дәрігерлер болатын.

Сексенінші жылдардың соңына таман медициналық-санитарлық бөлім өзінің жеке зертханасын ашты да біздің жұмысымыз едәуір азайды. Бірақ, талап сол қалыпты жауапты болатын. Өйткені, сырқаттың диагнозын дұрыс қою үшін, дұрыс ем қолдану үшін зертханалық сараптаманың алар орны ерекше.

1988 жылы басшымыз Нелли Ивановна қызмет бабымен басқа жаққа қоныс аударды да, орталықтың тізгінін маған тапсырды. Жиырма жылдан астам осы зерттеу орталығын басқарып келемін. Әрине, осы уақыт аралығында біздің салада біраз өзгерістер орын алды. Нарық қыспағына түскен кездеріміз де болды. Тоқсаныншы жылдардағы оңтайландыру саясаты бізді де оңдырған жоқ. Қалада емхана, ауруханалар жабылып, отбасылық емханалар ашылды. Бұрынғы қалалық емхана кеңестік-диагностикалық емхана болып қайыра жабдықталды. Біз осы емдеу орындарына зертханалық сараптамалар жасайтын болдық. Кейін медико-лабораториялық зерттеу орталығы «Диагностика» өндірістік кооперативі болып құрылдық. Қазір мұнда екі дәрігер, 9 лаборант жұмыс істейді. Олардың орынбасарлары мен көмекшілері бар.

– Осы 35 жыл ішінде жұмыс барысында қандай елеулі өзгерістер болды? Материалдық-техникалық база жаңғырды ма?

– Әрине, заман алға жылжыған сайын біз де сол ұлы көштен қалмауға тырыстық. Оның үстіне Елбасымыздың тапсырмасына сай медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында бірнеше дүркін реформа жасалды. Одан біздің сала да қалыс қалған жоқ. Қайта зертханалық қызметті жандандыру, жаңа құралдармен жабдықтау, заманауи үрдісте дамыту белең алды. Соның арқасында жұмысымызды ақпараттандыру мен зертханалық сараптамаларды аппараттандыру біздің ісімізді жеделдетті. Оның тиімділігін тұрғындар да көріп отыр. Сараптамаларды азаматтардың өтінішіне сай сол күні жасап беру жағдайына жеттік. Бұл біздің жұмысымыздағы заманауи құралдардың жемісі.

Отыз бес жылдағы оң өзгерістердің бірі деп айтсақ болады, біздің жұмысымызда ақылы қызмет тұрақты түрде орын алды. Әрине, оның екі жақты тиімділігі бар. Біріншіден, зерттеу орталығы өзін-өзі қаржыландырса, екінші жағынан әрбір клиенттің өз қалауы бойынша кешенді сараптама жасатуына мүмкіндігі бар.

Қазір, көптеген емдеу орталықтары өздерінің зертханаларын ашып жатыр ғой. Бұл бір жағынан заман талабы да шығар. Бірақ, бір маманның сырқаттың кешенді зертханалық сараптамасын жасауы мүмкін емес. Біздің зертханада сараптама конвейерлік жүйемен жүргізіледі. Яғни, бір жалпы сараптаманы алсақ, бір маман қанның гемоглобинін анықтап жатса, екінші маман екінші сарапты, үшіншісі сол қанның басқа сарабын зерттеп жатады. Мұның қорытындысы сол сараптаманың толық қорытындысы негізінде жасалып, дәрігерлердің сырқаттың сырын анықтауына мүмкіндік береді. Ал, жергілікті зертханаларда сырқаттың бір ғана белгісі бойынша сараптама жүргізіледі.

– Қазір азаматтар тегін қызметтен гөрі ақылы қызметке көбірек сенім артатын сыңайлы. Өйткені, олар, ақысы төленген жұмыс сапалырақ болады деп ойлайды. Осы тұрғыдан келгенде сіздерге жолдамамен келетіндер көп пе, әлде ақылы сапартама жасататындар көп пе? Солардың қатарында сараптамаларын қайыра өткізіп, нақтылап жататындар бар ма?

– Дұрыс айтасыз. Денсаулығына немқұрайлы қарамайтын азаматтар уақытылы зертханалық сараптамалар жасатып, өз денсаулықтарын дұрыстап жатыр. Әлгінде, өзіңіз айтқандай, қайтадан сараптамалар жасатып жатқандар да бар. Бірақ, алғашқы зертханалық қорытындылардан алшақ кетіп жатқандары жоқ. Бұл орайда мен өз әріптестерімнің қай-қайсы болмасын өз істерін өте жауапкершілікпен атқаратынын айтқым келеді. Ол мейлі ақылы сараптама болсын, ақысыз сараптама болсын, қорытынды бірдей болады.

Ал, енді қайсы көп дегенге келсек, елдің көпшілігі емханалардың берген жолдамаларымен келіп жатыр. Ондай жолдаманы күтпей-ақ, сараптама жасатамын дегендер де бар.

– Сіздер сараптаманың барлығын өздеріңіз өткізесіздер ме? Басқа қалаларда өткізетін сараптама түрлері де бар ма?

– Негізінен зертханалық сараптама түрлері тасымалға жатпайды. Сондықтан, біз барлық сараптамаларды өзімізде жасаймыз. Ең алғаш ашылған жылдары біздің зертханалық орталықта гормонға дейін сараптама жасалатын. Кейін, көптеген сараптамалық жұмыстар орталықтандырылды. Гормон да, СПИД-ке қарсы қан тексеру де арнайы орталықтарда жасалатын болды. Одан қалды қаламыздағы медициналық-санитарлық бөлімнің, орталық аурухананың өз зертханасы бар. Соған қарамастан, біздің зертхана орталығы әлі елдің сұранысына ие. Мұнда заманға сай зертхана. Бізде барлық мүмкіндіктер бар. Сондықтан, сараптау жұмыстарының бәрін өзіміз жасаймыз.

– Жасыратыны жоқ, елімізде дәрігер мамандар жетіспей жататын жайттар көп. Бұл жағы сіздерде қалай шешілген?

– Иә, жалпы Қазақстанда ғана емес, әлемде десек болады, білікті дәрігер мамандарға деген сұраныс көп. Біздің саланың маман-лаборанттарын дайындайтын оқу орындары да елімізде саусақпен санарлықтай-ақ. Соған қарамастан біздің зерттеу орталығында мамандар тапшылығы байқалмайды. Рас, зейнет жасында жүрген жандар да бар. Бірақ, олардың орнын өзімізде жұмыс істеп төселген жастар басып жатыр. Біз оларды арнайы білімін жетілдіру орындарына жіберіп, оқытып аламыз. Ал, тәжірибені өзіміздің тәлімгерлерден үйренуде.

Іргеміздегі Жезқазған қаласындағы медициналық колледж де лаборанттар даярлайды. Олардың бірқатары біздің орталықтан тәжірибеден өтті. Бірақ, жұмысқа қалғысы келгендер болған жоқ. Естуімше, қалалық орталық аурухананың зертханасында осы колледждің түлектері бар көрінеді. Соған қарағанда біздің аймақта зертханаларда лаборанттар тапшылығы бола қоймайтын сыңайлы.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы. Суреттерде: бактериолог-дәрігер Надежда Романюк.

Комментарии закрыты.