Қос қызметті меңгерген

Мейірім мен жылылық иесі деген сөздер әдетте ұстаздар мен дәрігер мамандығында жүрген жандарға арнап айтылады. Бұл сөздерге лайық азаматшалар мамандықтың басқа да саласында қызмет атқарып жүр.

Қаламыздағы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты құрылыс монтаж тресінде он бес жылдан артық еңбек етіп келе жатқан Бралина Әдебия Саматқызы осы қасиеттерді бойына жиған жан. Құрылыс алаңының бас есепшісінің орынбасары Әдебия Саматқызы сонымен қатар мекеменің кәсіподақ комитетінің төрайымы.Ә.Бралина Байқоңыр ауылында он жылдықты тәмамдаған бетте Жезді аудандық тұтынушылар қоғамында еңбек жолын бастайды. Еңбек ете жүріп, 1980-83 жылдар аралығында Целиноградтың финанс-экономикалық техникумынан есепші маманы деген дипломын алып шығады.

1979 жыл мен 1996 жылдар аралығында Жезді аудандық Кен басқармасының кәсіподақ комитетінде есепші болып еңбек етті. 1996 жылдан бастап осы мекемеде қызметте.

– Қызметтік ортада сыйлы Әдебия Саматқызының бұл салада 35 жылдық еңбек жолы жатыр. Ол осы жылдар ішінде жинаған тәжірибесін ізін басып келе жатқан мамандарға үйретуден әсте жалыққан емес, – дейді әріптестері.

Әдебия Бралина жұмыс орынында сыйлы қызметкер болса, отбасында жақсы жар, ардақты ана, мейірбан әже.

Оның қызметте жүріп жеткен жетістіктерін Сәтбаев қаласы әкімінің мақтау қағазы мен «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев филиалынан алған Алғыс хат айғақтап тұр.

– «Табиғатынан нәзік әйел азаматшалардың жүрегі мейірім мен жылылықтан жаралған. Сол мейірім мен жылылықты жан-жағыңа төге білсең сенен асқан мейірбан жан болмайды» дейтін он екі бала өсірген анам Бәтима. Мен сол анамның айтқан ақылымен жүріп келемін. 8 наурыз – көктем мерекесімен ұжымның қыз-келіншектерін құттықтап, еңбектеріне табыс тілеймін.

Бағдат Айтөреұлы.

Комментарии закрыты.