Нәпсіңді күзет, өзіңді түзет!

20150626-06-2Маусымның 18 күні қасиетті Рамазан айы басталды. Әлемдегі иісі мұсылман қауым бес парыздың бірі – Ораза ұстап, ауыз бекітті. Исламдағы ұлық мерекеге орай Оразаның бірінші күні Балмағамбет Балқыбайұлы мешітінде «Тарауық» намазы оқылып, қала әкімдігі 250 адамға ауызашар жасады.

Құранның алғашқы аяттары түскен Рамазанда тозақ есіктері жабылып, шайтанның аяғы кісенделеді. Осы ұлық айда мұсылмандар Алланың разылығы үшін ауыз бекітіп, нәпсісін күзетіп, өзін түзетуі тиіс.

– Адамзат баласының ақ тілегін Алла қабыл етіп, ой-мақсаттарының тоқтаусыз орындалуына себепкер болатын Рамазан айында біз қолымыздан келгенінше жақсы істер, ізгі амалдар жасауымыз қажет. Барлықтарыңызды мұқтаж жандарға қолұшын беруге шақырамын. Алла тілектеріңізді қабыл етсін! – деді құттықтау сөзінде қала әкімінің міндетін атқарушы Серік Имамбай. Құран оқылып, дастарханға бата берілгеннен кейін бас имам Қондыбай қажы уағыз айтып, Оразаның мол мүмкіндіктері мен нығыметіне, қадір-қасиетіне тоқталды.

Ораза ұстау – Алла парыз еткен бес парыздың үшіншісі. Оны Пайғамбар өсиетіне сай орындап, таң сәресін ішкен мұсылман күн батқанша аш жүреді. Көзін, тілін, қолын тияды. Санасын да арам ойдан ада қылуы шарт. Жалпы, Ораза адамның жаны мен тәнін рухани тазартып қоймай, денсаулығына да зор пайдасын әкеледі. Мұны медицина да әлдеқашан мойындап қойған. Оразада астан тыйылған адамның сол арқылы ағзасы толықтай тазарады. Түрлі ішек, асқазан ауруынан айығады.

Ал, созылмалы сырқаты барлар мен бала емізген аналарға ауыз бекітпеуге болады. Бұған шариғатта рұқсат етілген. Егер олар Ораза тұтқандарға ауызашар жасаса, бірден сауапқа кенеледі. Сырқатына немесе жол жүруіне байланысты Оразасын бұзғандар, дертінен айығып, жетер жеріне жеткен соң қарызын өтеуі тиіс.

Биылғы Ораза жаздың аптап ыстығына тап келгендіктен, мұсылмандар үшін нағыз сынақ болғалы тұр. Десек те, Алланың ризашылығына бөленуге асыққандарға бұл кедергі емес. Адамның жан дүниесін мейірімге бөлейтін он екі айдың сұлтаны Рамазанға жеткендеріне үлкен де, кіші де дән риза.

Қасиетті ай келесі айдың он алтысына дейін жалғасады. Оның соңы ұлық мереке Ораза-айтқа ұласып, көрші-қолаң, ағайын-туыс бір-біріне барып айтшылайды. Оған дейін мұқтаждарға пітір-садақа берілуі тиіс. Пітір-садақаның көлемі биыл екі жүз теңге болып бекітілген. Сондықтан, сауапқа сауап қосам деушілер, садақа беруге асығайық.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.