Дәрігерлер қошеметке кенелген күн

20150626-04-1Адам жанының арашасына айналған  ақ желеңді абзал жандардың төл мерекесінде кенді қаланың медицина қызметкерлері  құрмет пен қошеметке  кенелді. Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында осы  сала қызметкерлеріне арналып өткен жұма күні салтанатты жиын өтті.

Жиынға қатысқан медицина саласының ардагерлері,  қала және мемлекеттік мекеме басшыларымен қатар, қалың көпшілік  Гиппократ антына берік жандарды ұлықтады.

Қала әкімінің міндетін атқарушы Серік Имамбай, қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук, Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы  Жезқазған аймақтық  өкілдігінің басшысы Бәтима Айтпаева мереке иелерін құттықтап,  бір топ майталман мамандарды облыс және қала әкімінің, сондай-ақ, қалалық мәслихаттың, Денсаулық сақтау  және әлеуметтік даму министрлігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының  Құрмет грамотасымен марапаттады.

Салтанатты шарада медицина саласының ардагерлеріне де сый-сияпат тарту етілді.

Жергілікті өнерпаздардың әсем    әнімен, биімен әспеттелген жиын одан әрі қала әкімінің медицина қызметкерлеріне тағайындаған жыл сайынғы арнайы сыйақысымен  үздіктерді марапаттаумен жалғасын тапты. Шаһар басшысының сыйақысындағы  «Жан ізгілігі» номинациясын «Жезқазған қалалық медициналық орталық» ЖШС травматологиялық клиникасы терапиялық бөлімшесінің аға медбибісі Светлана  Ручкина, «Ашық жүрек» номинациясын №6 отбасылық денсаулық сақтау орталығының фельдшері Алмагүл Есенғабылова иеленді.

Ал, қала мектептеріндегі медбибілер арасында  №16 орта мектептің медбибісі  Ділдәкүл Жүнісова «Денсаулық  жанашыры» номинациясына лайық деп танылса, қалалық емхананың жедел жәрдем бөлімінің жас маманы Александр Ивахников «Үміт бастауы» номинациясының  жеңімпазы  атанды. Төрт аталымның жеңімпаздарына  40 мың теңге көлемінде  ақшалай сыйлық тапсырылды.

«Үздік маман» номинациясының алпыс  мың теңге ақшалай сыйлығын №1 орталық емхананың реаниматолог-анестезиолог дәрігері Гүлнар Арысова қанжығаласа, «Кәсібіне адалдығы үшін» номинациясын  қалалық емхана директорының орынбасары Бибігүл Үсембаева мен туберкулезге қарсы диспансердің хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Серік Балтабаев өзара бөлісті.

Тынымсыз әрі еселі еңбегі үшін  қала әкімінің «Жыл дәрігері-2015»  сыйлығына тігілген 100 мың теңгені №5 отбасылық  денсаулық сақтау орталығының  бас дәрігері Айткүл Ахметова еншіледі.

Марапаттау рәсімінен соң Айткүл Сәкенқызы сөз алып, еңбегін бағалап жатқан  басшыларға  алғысын білдіріп, әріптестерін халық денсаулығын жақсарту жолында  аянбай еңбек етуге шақырды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.