Біздің жанашырлар

Кез-келген бұқаралық ақпарат құралының ақпарат таратуда демеу болатын белсенді жанашырларынсыз жемісті еңбек етуі күмәнді. Тіпті мүмкін емес те. Оның ішінде баспасөзге жазылу науқанына табысы тікелей байланысты газет үшін сондай қолдаушылардың алар орны тым бөлек. Біздің «Шарайнаның» да 25 жыл ішінде өз жанашырлары, газетке өздері қызмет етіп жүрген ұжымды ұйытып, біркісідей жазғызып жүрген қамқоршыларының тобы қалыптасқан. Әсіресе, мектеп ұстаздары арасында газет таратуды мықтап қолға алған кітапханашылардың арқалаған жүгі жеңіл емес. Апта соңында тойланатын төл мерекеміз – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні қарсаңында қашан да жанымыздан табылатын қолдаушыларымызды бір-екі ауыз сөзбен атап өткіміз келді.

20150626-03-3-1№1 мектеп-гимназияның кітапханашысы Шара Алтыбаева бүгінде редакцияның штаттан тыс қызметкері сияқты болып кеткен. Оның біздің ұжыммен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқынына, міне, 10 жылдан асты. Осы уақыт ішінде біз Шара Жакубайқызының аузынан «газетке жазылу қиын, әркімнің соңынан жүруден шаршадым» деген сияқты бір ауыз сөз естіген емеспіз. Онысына дән ризамыз. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жан мектеп газеттерін де еш қиналмастан апта сайын өзі тасиды. Біреуді жұмсап, немесе материал тапсыруға келген біреуге «ала кел» дей салу ол кісіде жоқ. Биыл Шара апамыздың гимназия кітапханасында табан аудармай еңбек етіп келе жатқанына 36 жыл толған екен. Бұл да болса Ш.Алтыбаева кез-келген істе жауапкершілікті, тұрақтылықты серік еткен адал маман екеніне тағы бір дәлел.

20150626-03-3-2Газетке жазу науқаны кезінде редакция ұжымына қолдау көрсетіп жүрген тағы бір таптырмас тамаша көмекшіміздің бірі – №25 мектеп кітапханашысы Аманжан Байтоқова.

2007 жылы аталмыш мектепке орналасқан күннен бастап оның өмірі «Шарайна» газетімен тығыз байланыста. Нағыз сөзден гөрі іске жақын жан екенін біліп алғанбыз.

Баспасөзге жазылу басталысымен-ақ біз ескертіп үлгермей, айналысатын ісіне тиянақты А.Байтоқова жұмысын бастап кетеді. Енді бір қарасаң, алғашқылардың бірі болып түбіртектер мен ақшаны өткізіп, жұмысын аяқтап тастағанын көресің. Мұндай жанашырға қалай алғыс айтпасқа! Болмысы қарапайым ол кісіні тіпті суретке түсуге әрең көндірдік.

20150626-03-3-3Ал, қаламыздағы №7 мектепте біздің жалғыз емес, қос бірдей қолпаштаушымыз бар. Олар – кітапхана меңгерушісі Света Сүтемгенова және Меңтай Жетпісбаева. Бұл екі кісі егіздің сыңарындай. Барлық шаруаны, оның ішінде газетке жазылуды да бірге жүргізеді. Бірі түбіртек толтырып отырса, екіншісі жазылушылардың мекен-жайын анықтап жатқаны. Газетті де бір-біріне сілтемей, кімнің жолы түссе, сол ала келеді. Қараған адам сүйсінеді. Біреулер сынды көреалмаушылық, әріптесін мойындамау деген жат қылықтардан жандары аулақ. Керісінше, бірін-бірі демеп, іздеп, қатар жүргені. Қазір көп кездесе бермейтін шынайы әріптестердің өзара сыйластығын осы кісілерден көріп жүрміз . Бәлкім, жемісті еңбектерінің сыры да осында болар?!

Редакциядан: Сөз соңында газетке жанашыр болып жүрген барша ақкөңіл жандарға алғысымызды ақтара отырып, отбастарына береке, бастарына амандық тілейміз. Сіздердің газетке сіңіріп келе жатқан еңбектеріңіз өлшеусіз. Сол еңбектеріңіз үшін рахмет.

Айнұр Құлашова. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.