Қақпақсыз құдықтар өмірге қауіпті

20150626-07-2Жақында редакцияға Мұса Жәлел көшесі, 28 үйдің тұрғыны Балайым есімді апа қоңырау шалды. Жиырма жылдан аса асфальт төсеу басты мәселеге айналған көшенің бас жағында жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнына қарасты ыстық судың құдығы бар көрінеді. Сол құдыққа 4 маусым күні 5 жастағы Айдар деген жиен-немересі құлап, қабағын жыртып алғандығын айтып шағымданды. Апаның әңгімесін ести сала ол кісімен жолығуға бардық. Және де құдықтың жай-жапсарын көре келдік.

– Бірнеше жылдан бері осы бір құдай атқан құдыққа қақпақ жабуды кәсіпорынға қанша мәрте айтсақ та, шағымымызды құлаққа ілген біреуі жоқ. Көріп тұрғаныңыздай, мына құдық дәл көшеге кірер тұста тұр. 4 маусым күні кешке таман әдеттегімше балаларды ойнатып жүрген едім. Қазіргі балалар шапшаң ғой. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, ұлдың екі баласы әлгі жиенді жетелеп, үйге алып келді. Бетін қан жуып кеткен. Қызым аманаттап тапсырып кеткен баламның көзіне бірдеңе болды ма деп зәрем қалмады. Құдай сақтап, қабағын ғана жырып алған екен. Сол сәтте медициналық санитарлық бөлімге апарып, жыртығын тіктірдік.

Мен өз балам үшін ғана емес, өзгенің өміріне де қауіпті болғандықтан, сіздерге шағымдандым. Құдыққа қақпақ әкеліп жабу білдей бір мекемеге қиын ба? – дейді зейнеткер апа.

Шынымен де, адам өміріне қауіп төндіретіндей мұндай құдықтардың арнайы қақпағы болуы қажет. Құдық ішінде екі бірдей вентильдің шошайған ұзын темірлері тұр. Айдар қайта құдықтың дәл ортасына түсіп, тек қабағын жарып отыр. Егер әлгі темірлерге құласа не боларын ойлаудың өзі қорқынышты.

Оның үстіне құдықтың іші қоқысқа толып тұр…

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.