Сот жүйесіндегі өзгерістер

«100 қадам» жоспары – заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, сот жүйесі мен судьялардың қызметіне халықтың сенімін аттыруға бағытталған қадам.

Еліміздің дамыған отыз мемлекеттермен терезсін теңестіру бағытындағы «100 нақты қадам» жоспары «2050 Стратегиясын» жүзеге асыру мен мемлекеттігімізді нығайтуға, сондай-ақ, күрделі кезеңнен нық өтуге жағдай туғызбақ. Жоспар қоғам мен мемлекетті түбегейлі оңтайландыру мақсатын көздейді. Мемлекеттік қызметте біртіндеп өсу жоспары алға қойылса, лауазымдық жоғарылауда іскерлік қасиеттер бірінші орынға шығады. Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлі артады. Мемлекеттік қызметке қабылдауда үш сатылы іріктеу жүйесі енгізіледі. Барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне қатысты мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылданады.

Ал, тарауда заңның үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылған. Мысалы, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру нақтыланған. Бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігіне көшу көзделген.

Сонымен қатар, Сот төрелігі институты Мемлекеттік басқару академиясынан бөлініп, ҚР Жоғарғы Сотының жанында жұмыс істейді және судьялардың біліктілігін тұрақты түрде арттыруды қамтамасыз етеді. Өз кезегіндегі бұл шара оқу мен сот тәжірибесінің байланысын күшейтпек. Судьялардың жаңа Этикалық кодексін жасау, сонымен қатар, Жоғарғы Сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарайтын инвестициялық алқа құру да жоспарда бар. Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында AIFC халықаралық арбитражды орталық және үздік стандарттар бойынша сот істерін жүргізуді қамтамасыз ететін халықаралық кеңес құрылады. Оның құрамында беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер болады.

Тағы бір жаңалық, азаматтық-құқықтық дауларды прокурорсыз қарау үшін Азаматтық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізіледі.

Бүгінгі таңда судьяларды тағайындау ісіне қойылатын талаптарды күшейту қарастырылып жатыр және бұл орайда бірінші кезекте судьяларды іріктеу мәселесі алдыңғы шарт ретінде қойылып отыр. Мәселен, судьялыққа осы қызметке лайық, оны алып жүруге кәсіби біліктілігі, адамгершілік қасиеті, білімі жететін адамдар баруы қажет. Бұл үшін ең алдымен болашақ судьяларды оқыту ісі жолға қойылғаны жөн. Мұнда университеттің заң факультеттерінің төртінші, бесінші курстарында жақсы оқитын студенттер таңдалып алынып, сот төрелігін жүзеге асыруға мамандандырылады. Одан кейін олар соттарда жұмыс істеуге дайындалып, біліктілігін арттыру үшін қазіргідей үш айлық емес, бір жылдық магистратураға жіберіледі. Судьялық лауазымға тағайындалатын үміткерлер жақсы қызмет тәжірибесінен өтуі тиіс. Қазіргі таңда олардың сот орындарында бес жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы керектігі талқыланып жатыр. Ол ақылы түрде, негізгі өндірістен қол үзіліп жасалуы керектігі жөнінде ұсыныс бар. Осыдан кейін олар бірқатар біліктілік емтихандарын өте қатал талап жағдайында тапсыру қажет. Судья болып тағайындалғаннан кейін де ол сынақ мерзімінен өтуі қажет. Содан кейін ғана Мемлекет басшысына оның судья болып тағайындалғаны жөнінде Жарлық шығаруға ұсынуға болады.

Жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттік сот орындаушылар қызметі біртіндеп қысқартылады. Полиция қызметкерлерінің кәсіби дағдылары мен жеке қасиеттерін тексеру үшін іс басындағы полиция қызметкерлерін және қызметкерлікке кандидаттарды тестілеудің арнайы жүйесі енгізіледі. Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін полиция қызметі құрылады. «100 қадам» жоспарында мемлекетіміздің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік тұрғыда дамуын одан әрі арттыру үшін келелі мәселелер жан-жақты сарапталған.

Жұмағұл Шөженов, Жезқазған қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы.

Комментарии закрыты.