Көрерменге ой салатын жобалар ұсынбақ

20150626-02-1Алғашқы хабары эфирге 2008 жылдың 29 тамызында шыққан «СКБ» өндірістік бірлестігі СТА телеарнасының ақпарат айдынында өзіндік орны бар. Көрерменін тұщымды хабар, жедел ақпарат, түрлі жанрдағы өнімдері арқылы қуантып келеді. Соңғы жылдары жаңадан тартымды хабарлар ашылып, қызықты жобалар өмірге келді. Соған орай көрермендер саны біршама артты. Бүгінгі таңда қалалық телеарнаның жағдайы, ұжымның кәсіби әлеуеті қандай? Журналистердің төл мерекесі қарсаңында Сәтбаев қалалық СТА телеарнасының тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түсті.

Талай өзгерістерге ұшыраса да мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізетін телеарна өзіндік кескін келбеті мен беделін сақтап келеді. Мұның бәрі Елбасының сындарлы саясатының шынайы жетістігі іспетті. Сондай ақ, арнаның кәсібилік деңгейінің жақсаруы көрерменнің талап-тілегін қанағаттандыратын өнімдердің көбеюінде жатыр. Ақпарат кеңістігінде түрлі бағдарламалар ұсынатын телеарналармен иық тіресіп, көрермен көзайымына айналуда ұжым еселі еңбек етіп келеді. Арна тілшілері қаланың тыныс-тіршілігін, жаңалықтарын, халықтың әл-ауқатын, қоғамдағы түйткілді мәселелерді назардан тыс қалдырған емес. Соңғы кездері таралу аймағы да біршама кеңіп, Жезқазған кенті мен Весовая елді мекенін қамтыды.

Әлеуетіне келетін болсақ, арнаның мүмкіндігі мол. Ұжымдық жұмыс болғандықтан, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» еңбек етеді, қыруар қызметті бірге атқарады. Өйткені, телевидение бұралаң бұлтарысы, ой шұңқыры, ойы мен ойпаңы көп күрделі кеңістік қой. Ал, тележоба ендіру бір күннің ісі емес. Қазір басталған шығармашылық жұмыстың нәтижесі бір айдан кейін, бір жыл өткеннен кейін лайықты бағасын алуы мүмкін.

– Тіл тазалығы басты назарда. Журналистер неғұрлым тілге жауапты қараса, неғұрлым сауатты болса, көрермендер де соғұрлым сауатты болмақ. Бізде тілшілер, түсірушілер, жарық қоюшылар, безендірушілер секілді тележурналистика жанрларын барынша меңгерген мамандар еңбек етеді. Жергілікті жаңалықтарды жұртшылыққа жедел жеткізуші, қоғамдық пікірдің қозғаушысы саналатын телеарна жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтеру қажет. Осы ретте бәсекеге қабілетті, сапалы телеөнімдер жасап, көрермен көңілінен шығуды басты мұрат санаймыз. Алдағы уақытта жаңа хабарлар ел назарына ұсынылатын болады, – дейді бас редактор Алтын Төлегенова.

«Жаңалықтар – эфирдің патшасы» дегендей, беріліп жатқан ақпараттарға қарап, журналистерге баға беруге болады. Жаңалықтарды үзіліссіз жіберіп, жаңартып тұруда түйткіл де, кідіріс те жоқ. Арна тілшілері дерегі жоқ абстрактілі нәрселерді емес, нақты жайларды көрсетуге тырысады. Мәселен, құрылыс, жол жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқандығын, қанша жұмыс орны ашылғандығын сөз етеді. Ел үшін маңызды саналатын бағдарламаларды жандандырып, ұғынықты әрі қарапайым қалпында жеткізеді. Сондықтан, сүйекті, мағыналы хабарларға көңіл бөлінеді.

Басты міндеті қала тұрғындарын күнделікті қала тынысымен таныстыру болып табылатын телеарнада авторлық жобаларға барынша көңіл бөлінген. Қазақ және орыс тілдерінде күнделікті берілетін жаңалықтар легінен басқа, қоғамдық-саяси, мәдени-экономикалық, спорттық-сауықтыру, сараптамалық-ағартушылық бағыттағы бағдарламалар сұранысқа ие. Аптасына бес рет эфирге шығатын «Жаңалықтар» ұзақтығы жарты сағатты құрайды.

Күн сайын берілетін «Ақ тілек» құттықтау сазды бағдарламасының көрерменге қуаныш сыйлағаны анық. Қарапайым халық қуанышымен бөлісіп, жүрекжарды лебізін жеткізеді. Тұрақты жүргізушісі жас маман Жансая Оразбекова:

– Телеарна бізге көп нәрсені үйретті. Материалды қалай дайындау керектігін, ойлау жүйесін жетілдіру деген сияқты мәселелерді жұмыс барысында үйрендік, – дейді.

Журналистика – қадір-қасиеті мол сала. Алайда, тілшілердің әлеуметтік мәселесі айтарлықтай шешімін таба алмай келе жатқандығы өтірік емес. Басқаның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын журналистиканың өзін-өзі асырауы оңайға соқпай тұрған заманда телеарна беделін көтеру үшін қызметкерлердің жағдайын жақсарту қажет. Әрине, қалалық телеарнаны республикалық арналармен салыстыруға келмейді. Техникалық базасы ескіргендіктен, жоқтан бар жасауға тура келеді. Жабдықтар жаңартылып, ток-шоу жасайтын студия салынса, он-лайн режимде хабарлар толық көрсетілетін арнайы сайт ашылса телеарна жұмысының гүлденіп жүре берері анық. Бұл мәселеде барлық шаруа қаржыға тіреледі. Осы мақсатта телеарна басшылығы біршама жұмыстарды қолға алуда. Соңғы жылдары еңбекақы төлеу ісі тұрақтанып, қыз-жігіттердің қызметі елеусіз қалмай, төл мерекелерде аталып, үстеме ақы беріледі.

Телеарна – рухани тәрбие құралы. Адами құндылықтарды қалыптастырудың тетігі болғандықтан көп шаруа тындыруға ұмтылады. Көрермен үшін сапалы да мазмұнды жобалар ұсынуды мақсат етеді. Халқымыздың ұмытылып бара жатқан көне дәстүрлерін жаңғырту мақсатындағы хабарларды көптеп шығаруға тырысқан телеарнада қалалық әкімдікпен бірлескен «Сәтбаев жұлдыздары», «Айгөлек аруы», «XXI ғасыр көшбасшылары» секілді бағдарламалар ашылды. Мәселен, «Еңбек түбі береке» бағдарламасынан кәсіпкерлер мен билік арасындағы байланыс, кәсіпкерлерге берілетін жеңілдіктер туралы әңгіме болады. Ізденістен туған бағдарламалардың бірі – «Сұхбат алаңы». Бірақ, өз деңгейіне толық жете алмай келеді. Көрерменге жақсы таныс, кейбір қырлары бейтаныс қоғам қайраткерлері, спорт саңлақтарының қырларын ашып көрсететін жобалар да жетерлік. Отбасы институттарын бекем ету, қыз-келіншектердің образын ашып көрсету мақсатындағы тұрмыс құрған аруларға ақыл беріп, қит етсе қиқу салатын келіншектерге кеңес беру, ас үйдің құпиясын үйретіп, қыздарды тұрмыстық өмірге дайындау мақсатындағы «Қоғам және әйел», «Шырайлы шаңырақ», діни ағартушылық «Ғылымхал», жастарға арналған «Мамандық таңдау маңызды іс», «Дәрігерлік кеңес» жобалары өз көрерменін тауып үлгерді. Сондықтан болар, арна жұмысының сапасы мен контингенті оң бағаға ие.

– Көрермен пікірі біз үшін маңызды. Сондықтан, жұртшылықтан қандай хабарлар көргісі келетіндігі туралы сыр тартып сұрауға тырысамыз. Cынның айтылуы заңдылық. Елді-мекендерді қамтығандықтан, жүктелген міндет те ауыр. Ауылдағы қарапайым халықтың мұң-мұқтажынан аттап өте алмаймыз. Айтар ойын, жан айқайын қаз қалпында жеткізуге тырысамыз, – деген журналист Гүлмира Аманжолова алғаш телеарна құрылған күннен бастап талмай еңбектеніп келе жатқан тәжірибелі мамандар қатарында.

Диктор – телеарнаның айнасы іспеттес. Ал, осы сала қызметкерлерінің жұмысы көрермен көңілінен шығады. Келбеті келіскен, экран алдында айтатын сөзіне есеп бере алатын, телеарнаның өзіндік құпиясын жақсы білетін, экранның мысын көтере алатын Алтын Төлегенова, Гүлмира Аманжолова, Оля Кравец, Жансая Оразбекованың есімдерін мақтанышпен атауға болады.

Ұжымда қызметкерлердің сауаттылығы жіті бақыланып, талаптар қойылады. Өз жұмысын жақсы білетін журналистер арасында кез келген саланы жаңғақтай шағатын қыз-жігіттер жоқ емес. Еділ Бимолдин, Олжас Батырбеков, Әсел Алтаева, Светлана Панфилова, Михаил Столяров, Мейрамгүл Сейтмағзұмова өз ісінің шеберлері қатарында. Әр бағдарламаны түсіру барысында олардың қарым-қабілеті шыңдалып, тәжірибелері молая түседі.

Жарғақ құлағы жастыққа тимей жаңалық іздеп шапқылап жүретін телеарна қызметкерлері көрерменге ой салатын жобалар ұсынып, сапалы қызмет көрсету бағытында мойымастан еңбек етуде. Жақсылықтан үміт етіп, болашаққа сеніммен қарайтын кәсіби мамандар шоғыры қалыптасқан еңбек ұжымында ең бастысы ізденіс, алға ұмтылу бар.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.