Аймақтық ғылыми турнир

«Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деп жарияланған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерейтой аясында демалыс күндері №15 жалпы білім беретін орта мектепте Сәтбаев қаласы әкімінің кубогіне 25-ші аймақтық пікірталас сайысы өтті. «Үкімет мемлекеттік тілдің аясын кеңейту бойынша бағдарлама ұсыну қажет» тақырыбында өткен бұл сайысқа Сәтбаев, Жезқазған және Балқаш қалаларының оқушылары мен колледж студенттері, барлығы 45 команда қатысты.Қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева өзінің құттықтау сөзімен сайысты ашқан соң, Жезқазған қаласы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімі бастығының міндетін атқарушы М.Мырзабекова қатысушыларға ақ жол тіледі. Сәтбаев қаласы бойынша пікірталас үйірмесінің орыс топтамасы бойынша жетекшісі Т.Штребель ойынның ережесі мен тәртібін түсіндірді.

– Бұл аймақтық ойында сіздердің барлықтарыңызды көргеніме мен өте қуаныштымын. Мұндай үлкен деңгейдегі турнир алғашқы рет болып отыр. Жалпы бұл дебат ойындары үш кезеңде өтеді. Сәтбаев қаласында бастау алған бұл ғылыми ойын мамыр айында Жезқазғанда болады. Өз жалғасын ол Балқаш қаласынан табады. Үш ойынды үш түрлі қалада өткізу арқылы біз Сәтбаев-Жезқазған-Балқаш қалаларының арасындағы өзара достық қарым-қатынасты нығайта түспекпіз. Барлық қатысушыларға сәттілік тілей отырып, олардан жеңілген күннің өзінде де ренішсіз, әдемі жеңілулерін сұраймын. Негізінде, бұл сайыста ешкім де жеңілмейді. Себебі, аймақтық турнирге қатысудың өзі – жеңіс!, – деп аяқтады сөзін Тамара Григорьевна.

Қатысушыларға барлық мағлұматтар берілген соң, олар аудиторияларға тарасты. Мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы, оның дамуы мен кең өріс жаюы үшін үкімет қандай жұмыстар жүргізуі тиіс, мемлекеттік тілдің статусы, бағдарламаның тиімділігі және т.б. мәселелерді қозғаған қызу пікірталас екі күнге созылды.

Сайыстың қорытындысы бойынша, қазақ лигасында І орынды ерекше білімдерімен көзге түскен №16 орта мектептің «Президент» тобы жеңіп алып, әкім кубогіне ие болды. Ал, ІІ орынды Балқаш қаласынан келген «Жұлдыз» және ІІІ орынды С.Сейфуллин атындағы гимназияның «Шабыт» командалары жеңіп алды. Орыс лигасында ІІІ орынды Жезқазған қаласы №26 орта мектептің «Жалын» командасы, ІІ орынды Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің «Авангард» командасы, ал, І орын мен әкімнің кубогін Жезқазған қаласы №26 орта мектептің «Феникс» тобы иеленді.

Жеңімпаздарға Сәтбаев қаласы ішкі саясат бөлімінің бастығы К.Сағындықова диплом және естелік сыйлықтар тапсырды.

Сәтбаев қаласы әкімдігінің тапсырмасымен «Көңілашар» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Дебат-2011» сайысында айрықша шешендігімен көзге түскен 4 команда финалға жолдама алды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.