«Алтын сұңқар» – «орталықта»

20150703-02-1Биыл Қарағанды облысы әкімінің аймақ журналистеріне арнайы тағайындалған «Алтын сұңқар» сыйлығы оныншы мәрте тапсырылды. Арқа аймағында журналистика саласының дамуына үлес қосқан ардагер тілшілер мен жас толқын журналистерге 11 аталым бойынша өңір басшысының сыйлығы берілді.

Қарағанды қаласындағы «Кеншілер» мәдениет сарайында өткен салтанатты шарада еңбектері үздік деп танылғандарға «Мамандыққа адалдық», «Өндіріс тақырыбын үздік жариялау», «Белсенді өмірлік ұстанымы үшін», «Алғашқы табыстары үшін» секілді бірнеше аталым бойынша ақшалай сыйлық табысталды. Ал, облыс әкімінің «Алтын cұңқар» сыйлығының «Аймақ журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін» деп аталатын биылғы бас жүлдесіне облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембай лайық деп танылды.

Бұл салтанатты шараға біздің әріптесіміз, «Алтын сұңқар» байқауының «Шығармашылық ізденісі үшін» аталымының номинанты Бағдат Қазкенов қатысып қайтқан болатын. Қаламының қарымы ұшталып, шығармашылықтың шыңдалуына түсіп келе жатқан жас әріптесіміз Бағдат Айтөреұлының айтуынша, салтанатты жиында өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков аймақ журналистерінің Елбасы Н.Ә.Назарбаетың елдегі жүргізіп отырған стратегиялық саясатын халыққа насихаттап, олардың жүзеге асуында өлшеусіз еңбектерінің жатқанын тілге тиек еткен.

– Ірі өндіріс ошағының отаны саналатын Қарағандының экономикалық, саяси, мәдени өмірімен қатар, өндірісінің тыныс-тіршілігін халыққа уақытылы жеткізіп отырған екі жүзге таяу БАҚ қызмет жасаса, сондағы барлық қызметкерлер ел мүддесі үшін аянбай тер төгіп жүрген жандар. Журналист – бұл жан-жақты маман иесі. Ол, экономист те, әртіс те, өндіріс маманы да бола алады. Біз осындай мамандықтың иелеріне әрқашан құрметпен қарап, ардақтауымыз қажет деді – аймақ басшысы шараны қортындылай келе.

Арқа журналистерінің бұл жеңісі еңбегінің айғағы деп білеміз.

Әріптестер, жүлделеріңіз құтты болсын!

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.