«Қазақмыс» қуантты

20150703-02-2Журналистердің төл мерекесіне «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылығының үлкен мән беріп, ерекше көңіл бөлінетіні белгілі. Сол игі дәстүр биыл да жалғасты. «Қазақмыс» корпорациясының» «Жезқазғантүстімет» ӨБ пиар-менеджері Ардақ Құлжамбекованың ұйымдастыруымен Жезқазған қаласындағы «Маэстро» мейрамханасында өткен салтанатты кештің құрметті қонақтары кәсіби шеберліктері мен біліктері арқасында өзекті мәселелерге қалам сермеп жүрген Сәтбаев қалалық «Шарайна» газеті мен СТА, Дидар телеарналары, «Жезказганский вестник», «Мысты өңір», «Подробности», «Наше время» басылымдарының қызметкерлері болды.

Жиында құттықтау сөз алған «Жезқазғантүстімет» ӨБ техникалық директоры Т. Шайқыбеков, әлеуметтік сала бөлімінің бастығы Т. Тәжбенов билік пен БАҚ өкілдерінің әріптестік қызметіне жоғары баға берді. Ақпарат құралдарының қоғамның дамуына, экономиканың нығаюына үлесі ерекше екендігін айта келе, төл мерекемен құттықтап, бас директордың арнайы сыйлығын табыс етті. Олардың қатарында «Шарайна» газетінің директоры Бауыржан Бірманов, «Наше время» газетінің редакторы Нурия Ильясова, СТА телеарнасының директоры Баттал Ахметжанов бар.

Салтанатты кеште бір топ журналист «Кәсіп Қазақмыс» аймақтық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасы мен сыйақысына ие болды. Аталмыш құрметке «Шарайна» газетінің тілшісі Мейрамгүл Алпысбаева да лайық деп табылды.

– Ақпарат көзінің көбейіп, ғаламторға деген қолжетімділік артқан сайын БАҚ арасындағы бәсеке күн санап күшейіп келеді.

Осы тұрғыдан алғанда, аймағымызда журналистерге лайықты көңіл бөлініп отыр, – деген «Кәсіп Қазақмыс» кәсіподақ ұйымының аппарат жетекшісі Жанар Салықова бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі мен маңызының орасан зор екендігін атап көрсетті.

Мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда БАҚ өкілдері өз үлестерін қосып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асуы журналистердің жемісті еңбегіне байланысты екендігі айтылды. Бүгінгі күні Жезқазған аймағында онға жуық баспасөз және электрондық ақпарат құралдары бар. Олар алға қойған мақсаттарды нәтижелі орындап келеді. Осы бағытта аянбай еңбек етіп жүрген баспасөз қызметкерлері «Қазақмыс» корпорациясының» арнайы номинацияларымен марапатталды.

– Журналист қашан да қоғамның бел ортасында, әр жаңашылдықтың қасында жүреді. Олардың шеберліктері, талаптары қуантады. Біз үшін ең басты сый, әрине, қызметімізге берілген оң баға. Барлық әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтаймын. Шығармашылық табыс, шабыт және отбасылық шаттық тілеймін, – деп шын ниетімен көл-көсір ақ тілегін білдіре келе А.Құлжамбекова «Қазақмыс» корпорациясының» дамуына белсене үлес қосқан редакцияларды жариялап, 250 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Қомақты жүлдеге СТА, «Дидар» телеарналары мен «Мысты өңір», «Подробности» газеттері ие болды.

Ақ дастархан басында баспасөз өкілдерінің басын қосқан думанды кеш шынайы мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.