Қаламын қару еткендер

20150703-02-3Маусымның соңғы жексенбісі – халықты ел мен жердің тыныс-тіршілігімен таныстырып, жаһандағы жаңалықпен хабардар еткен газет пен журнал, радио мен телевидение қызметкерлерінің кәсіби мерекесі Жезқазған қаласында аталып өтті.

Қаламын қару еткен тілшілер әрдайым қара халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, билік пен бұқара арасына жол салып, алтын көпірге айнала білді. Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген сөздерін негізге алған қала әкімдігі Жезқазған өңірінде көп жылғы тәжірибесімен ел алғысына бөленген журналистерді ұлықтады.

Қалалық «Нұр Отан» партиясы ғимаратында өткен салтанатты кештің басты сыйлығы қала әкімі Батырлан Ахметовтің БАҚ қызметкерлеріне тағайындаған номинациясы болды. Жыл сайынғы дәстүр бойынша анықталған номинация иелері сахна төріне шақырылды. Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Сағынгүл Жантурина «Насихат», «Подробности» газетінің тілшісі Алма Джуманбаева «Біздің мақтанышымыз», «Жезқазған бүгін» сайтының бейнеоператоры Евгений Ванюшов «Интернет-журналистика», «Сарыарқа» газетінің тілшісі Анар Құрманбаева «Жас қалам», «Мысты өңір» газетінің редакторы Ұлзира Жанназарова «Келбет», «Жезказганский вестник» газетінің тілшісі Жанар Мыңжасова «Біздің қала», «Дидар» телеарнасы директорының орынбасары Махмұд Сексенбаев «Мамандық майталманы» номинацияларына лайық деп табылып, арнайы диплом мен 50 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Сондай-ақ, мықты мақалаларымен көріне білген журналистерге шығармашылық жетістіктері үшін «Нұр Отан» партиясының Жезқазғандағы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова мен «Қазақмыс» корпорациясы» жанындағы «Нұр Отан» партиясының Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысовтың Алғыс хаты мен ақшалай сыйлығы табыс етілді. Қоғамның жаршысы болып, ұшқыр қалам иесі атанған шығармашылық иелері қатарында «Шарайна» газетінің тілшісі Мейрамгүл Саяжанқызы мен СТА телеарнасының директоры Баттал Ахметжанов та бар.

Осылайша Жезқазған өңіріндегі тілшілердің төл мерекесі жылдағы дәстүрмен салтанатты жағдайда аталып өтті. Біз де «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола білген баспасөз қызметкерлерінің қуанышына ортақтаса отырып, жүлделеріңіз құтты болсын демекпіз!

М.Алпысбаева. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.