Спорт – біздің досымыз

20150703-12-4Жаз, күннің көзі, таза ауада балалардың демалғанына не жетсін?! Жазғы лагерлерьде балалар қызықты спорттық жарыстарға қатысып, жарқын әсерлер мен жақсы көңіл-күй құшағында болады.

Жақында №5 жалпы орта мектебі жанынан ашылған «Балдырған» жазғы сауықтыру алаңында лагерь тәрбиешісі Ақмарал Байгенжинаның ұйымдастыруымен «Спорт – біздің досымыз» тақырыбында жарыс ойыны өтті. Жазғы сауықтыру алаңындағы балалардың салауатты өмір салтын қалыптастыру, денсаулығын нығайту, спортқа деген қызығушылығын арттыру, жылдамдыққа, икемділікке, күштілікке, төзімділікке баулу мақсатында өткізілген сайысқа «Ұлан», «Достық», «Лучики», «Непоседы» топтары қатысты. Сайыс «Эстафеталық таяқша», «Қос аяқтап секіру», «Секіртпемен жүгіру», «Жұптасып шеңбермен жүгіру», «Жылдам поезд» атты 5 кезеңнен тұрды. Әр түрлі кедергілерден өтіп, бір-бірінен қалыспай жарысқан бүлдіршіндер өте жақсы көңіл-күйде болды. Көңілді өткен сайыс қорытындысы бойынша «Достық» тобы жүлделі І орынға ие болса, «Лучики» тобы II орынды еншіледі. Ал «Ұлан» және «Непоседы» топтары ІІІ орынды өзара бөлісті. Әділ қазы мүшелері сөз алып, «балалардың дене шынықтыруына, жат әдеттерден аулақ болуына байланысты көптеген іс-шаралар жүзеге асуда» деп сөзін жеткізді және жеңімпаз топтарды марапаттап, арнайы жүлделі сыйлықтарын ұсынды.

«Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ, дені сау, жан-жақты дамыған салауатты ұрпақ». Сондықтан, ұрпағымыздың болашағы жарқын да кемел болуына атсалысып, дені сау, шыныққан бүлдіршіндер тәрбиелей берейік.

Р.Есимсейтова лагерь басшысы.

Комментарии закрыты.