«Төртінші билік» төрге шыққан күн

20150703-03-1-1Тілшілер қауымы әрдайым қара халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап билік пен бұқара арасындағы алтын көпір болып келеді. Сонысына қарап ел «Төртінші билік» атап кеткен БАҚ өкілдері жылына бір рет төрден орын алып, «төрелердің» ықыласына бөленіп жатады. Өйткені, маусымның соңғы жексенбісі халықты ел мен жердің тыныс-тіршілігімен таныстырып, жаһандағы жаңалықпен хабардар етіп отырған газет пен журнал, радио мен телевидение қызметкерлері – журналистердің кәсіби мерекесі…

Сәтбаев қаласының әкімдігі жыл сайын аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін жинап, мерекелерімен құттықтап, жүзден жүйрік шыққандарын арнайы номинациялармен марапаттайды. Сол жақсы іс биыл да өзінің жарқын жалғасын тапты. Өткен жұма күні Сәтбаев қаласы әкімдігі «Ақниет» мейрамханасында Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай салтанатты кеш ұйымдастырды. Оған қанаттас жатқан қос қаладағы бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен бір қатар журналистер қатысты.

20150703-03-1-2Жиында құттықтау сөз алған Сәтбаев қаласы әкімінің міндетін атқарушы Серік Имамбай билік пен БАҚ өкілдерінің әріптестік қызметіне жоғары баға берді. Ол ақпарат құралдарының қоғамның дамуына, экономиканың нығаюына үлесі ерекше екендігін айта келе, журналистерді төл мерекелерімен құттықтады.

Бұдан соң Серік Сағынатұлы аймақтың ақпарат құралдарында жұмыс істейтін бір топ қызметкерлерін қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Олардың қатарында біздің газеттің дизайнері Мәдина Сембаева да бар.

20150703-03-1-3Салтанатта сол сияқты қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук сөз алып, аймақ қаламгерлерін төл мерекелерімен құттықтап, бір топ журналистер мен ақпарат қызметкерлерін Құрмет грамотасымен марапаттады. Бұл құрметке газетіміздің жарнама менеджері Дүйсенкүл Саринова ие болды.

Жиында сондай-ақ, бірқатар журналистер мен ақпарат қызметкерлеріне арнайы номинациялар табысталды. Атап айтқанда, қала әкімінің «Кәсіби шеберлігі үшін» сыйлығы танымал журналист, «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастанов, Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің жауапты хатшысы Айнұр Құлашева, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің ақпарат бөлімінің меңгерушісі Нұрқанат Қанафинге берілді. Жүлдегерлерге Диплом мен 40 мың теңге ақшалай сыйлық қоса тапсырылды. Сол сияқты, Сәтбев қалалық «Шарайна» газетінің тілшісі Ізтай Бейсенбаев, осы газеттің корректоры Рашида Орынбаева және аймақтық «Подробности» газетінің тілшісі Маргарита Гринь «Үздік қызметкер» номинациясына лайық деп танылып, диплом мен 25 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал, Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің дизайнері Қуанышкүл Жәнібекова, «СТА» телеарнасының журналисі Жансая Оразбекова және «Дидар» телеарнасының журналисі Гүлден Жанділдинова «Талапкер» номинациясының дипломы мен 20 мың теңге ақшалай сыйақысын алды.

20150703-03-1-4Жиын барысында қос қаладағы БАҚ басшылары сөз алып, әріптестерін төл мерекелерімен құттықтады.

БАҚ қызметкерлеріне арналған биылғы салтанаттың басты сыйы Қазақстан эстрадасының жас таланттарының бірі Әбдіжаппар Әлқожаның келіп ән салуы болды. Сәтбаев қаласы әкімдігі биыл журналистерге осындай тосынсый жасады.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.