Асыл жандарға жайылған ақ дастархан

Қыс ұзақ болса да, қысқа болса да көктемді ынтыға күтеміз. Себебі, шуағын төгіп аналар мен арулардың төл мерекесі – 8 наурыз келеді. Осы мереке қарсаңында қала әкімі асыл жандарды құрметтеп дастархан жаяды, сый-сипатын жасап, көңіл-күйлерін көтереді. Бұл дәстүрге айналып кеткелі қашан!

Биылғы салтанатты қабылдауды қала басшысы қаладағы әсем мейрамханалардың бірі – «Наурызда» өткізді. Мерекелік дастарханға Алтын, Күміс алқа иелері, тылда еңбек еткен аналар мен қаланың әлеуметтік, саяси, мәдени өміріне белсене араласып жүрген қыз-келіншектер шақырылды.Алғашқы құттықтау сөз алған қала әкімі Советбек Медебаев аналардың отбасындағы, қоғамдағы алар орнына тоқталып, олардың Елбасы тапсырмасын орындауда азаматтармен тең еңбек етіп жүргендеріне шексіз алғысын білдірді.

Құрметті қонақтардың атына қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, қала әкімінің орынбасарлары М.Мәдиева, А.Ким, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев жылы лебіздері мен игі тілектерін айтты.

Шақырылған аналар атынан сөз берілген қаланың Құрметті азаматы Ш.Бейсенбекова, Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының директоры Н.Геймбух, «Шарайна» газетінің бас редакторы М.Жаппасбаева мерейлі мерекемен құттықтап, қала басшыларына өздеріне көрсетіліп жатқан құрметке деген ризашылықтарын білдірді.

Аналарға арнап қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған Жезқазған және Сәтбаев қаласы өнерпаздарының әсем әндері мен көркем билері кездесудің сәнін келтіре түсті.

Әуенге елтіген әжелер де қарап отырмай, ортаға шығып биге араласты.

Дастархан үстінде бір-бірімен қауышып, әрі демалған қонақтар көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.