Қала тазалығы қатаң бақылауда

20150710-06-1«Тазалық – денсаулық кепілі». Тазалық жоқ жерде құт-береке болмайды. Қоршаған ортаны, қаламызды таза ұстау, қоғамдық орындардың, жұмыс орнының, көшелердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және көгалдандыру жұмыстарын тексеру мақсатында Сәтбаев қалалық мәслихаты жанынан құрылған бюджет, коммуналдық шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту комиссиясының мүшелері рейдке шықты.

Сәтбаевта жаз мезгілі туа сала түрлі айлықтар мен сенбіліктер, тазалық бейсенбілігі тұрақты түрде өткізілуде. Айлық шеңберінде атқарылған істері де аз емес. Ол – қала аумағын абаттандырудан анық аңғарылады. Мәслихат депутаттарынан құралған тұрақты комиссияның төрағасы Владимир Цой бастаған топ саябақтар мен тұрмыстық қалдық төгетін орындар, арық жүйелерінің, аулалардың тазалығын назардан тыс қалдырмады. Жол жиектерін тазалау міндеті әр мекемеге бөлініп берілген. Сәтбаев көшесінің тазалығына жауапты №65 шахта жұмысшылары жол жиегін тазалау үстінде екен. Талапқа сай тазартылмағандығына байланысты ескерту айтылды. Абай көшесі бойында қызу қимылдап жатқан Анненск кеніші ұжымының жұмысы да көңілден шықпады. Асфальтқа үйілген топырақты көше жиегіне лақтыра салуға болмайтындығы, арнайы қапқа салып қоқыс орнына төгу қажеттігі айтылды.

Көп қабатты үйлердің тұрмыстық қалдықтары күн сайын, ал жеке сектор белгіленген кестеге сәйкес тазартылады. Осы жерде тұрғындардың кестені сақтамайтындығы жайында сөз қозғалды. Кесте уақыты келісім-шартта көрсетіліп, қоқыс шығару күндері де осы шартта анық жазылған. Сондықтан, тұрғындар шарт қағазы бойынша қоқысты көшеге шығармай, ауласында сақтағаны дұрыс. Себебі көшеге шығарылғаннан кейін қоқыстар желмен шашылып, көше ластанады.

Мұнан соң жетінші шағын аудандағы кесілген ағаш үйінділерінің үстінен түскен комиссия мүшелері жауапты «Тазалық-2020» мекемесіне құлаққағыс жасады. Кейде тұрғындар көлемі үлкен тоңазытқыш, кереует, есік-терезе секілді бұйымдарды, құрылыс материалдарын шығарып тастайды. Мұндай жағдайда қосымша жүк тиегіштер мен машиналар шақырылады. Мұның тазалық мекемелері жұмысына кедергі келтіріп, техникалардың сынуына әкеп соғатындығын түсіндірді «Сәт тазалық» ЖШС бас инженері Дулатбек Исабаев.

Рейд барасында Бабыр би, Гурба, Бұлқышев көшелері бойындағы асфальт жиектерінің әктелмегендігі, дұрыс орналастырылмаған қоқыс жәшіктерінің тозығы жеткендігі, көп қабатты үй аулаларының дұрыс тазаланбайтындығы сынға алынды.

– Жаз айы келісімен тынымсыз тіршілік басталып, санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жалпыхалықтық сенбіліктер өткізіліп, шаһарымыздың келбетін көріктендіруге күш салынуда. Әр саналы азамат өзі тұратын қаланың, елді мекеннің таза, көрікті болуы үшін үлес қосуы керек. «Ауылына қарап, азаматын таны» деп осыдан айтылған емес пе. Бұрынғыдай емес, соңғы жылдары көгалдандыру жұмыстарына да аса көңіл бөлініп, ағаштар отырғызылып, гүлдер егілуде. Тазалыққа мән беріліп, оған тұрғындардың қолдау білдіруі сүйсінерлік жай, – дейді В.Цой.

Тазалық күнде жүргізілуі керек. Себебі, күл-қоқыс әр үйден күнделікті шығарылады. Осы ретте, қалдықтарды тиісті орынға ұқыпты тастауды үйрене алмай жүргендігіміз қынжылтады. Сонымен қатар, әр мекемені айналасына тал егіп, өсіп тұрған ағаштардың түбін әктеп, жан-жағын тазартып, суарып, қураған ағаштарды кесіп, орнына тал егу жұмыстарына жұмылдыру жағы сөз болды. Көшеге темекі тұқылын, сағыз тастап, шекілдеуік шағудың мәдениетке жатпайтындығы белгілі. Сырт көзге түкке тұрғысыз болып көрінгенімен бұл заттардың қала тазалығына зиян келтірудегі ең көп таралған қоқыстар екенін ескерген жөн. Байқағанымыз, жеке тұрғындар тарапынан қозғалыстың жоқтығы. Осыған орай, қала тазалығы, оның көркейіп-көгалдануы барлық тұрғынға ортақ міндет екендігін баса айтты тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гаухар Жалмурзина.

Бұл жолы да комиссия мүшелері қала тазалығының көрікті мекен құрудың кепілі екендігіне көз жеткізіп қайтты. Алдағы уақытта қала тазалығы қатаң бақылауда болмақ. Анықталған кемшіліктер қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралып, шешімін таппақ.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.