Жарымжан жүректерді жадыратқан

20150710-04-2«Құрманың бір түйір дәнімен әйтпесе бір ұрттам сумен болсын күнұзақ ауыз бекіткен кісіге ауызашар жасаңыз, оның сауабы мол болады» дегенді басшылыққа алған Сәтбаев қаласындағы Қажылар қауымдастығы ерекше ауызашар берді. Олар қаладағы Б.Балқыбайұлы атындағы мешіттің үлкен залына Жезқазған қаласындағы Қарттар үйіндегі аталар мен әжелерді шақырды.

– Мешіттің бас имамы Қоңдыбай қажы Серікбайұлы жалпы жамағатты, намазхандарды қолдан келгенше жақсылық жасауға, кембағал жандарға көмек қолын созуға үнемі шақырып отырады. Әсіресе, қасиетті Рамазан айында жасайтын қайырым мен мейірімнің, жақсылықтарымыздың молырақ болмағына үндеген мешіт имамының уағызына ұйығандықтан да біз Жезқазғандағы Қарттар үйіндегі ауыз бекіткен жандарды арнайы ауызашарға шақырдық, – дейді Мұрат қажы Жағыпаров.

Сәтбаев қаласындағы қажылар соншалықты көп те емес. Бірақ, соған қарамастан, олар бір қауымдастыққа бірігіп, иманды да сауапты істерге бас-көз болуды мұрат тұтып, сол бағытта арнайы жоспар құрып, жұмыс жүргізуде. «Біз өз жұмыстарымызды қалалық мешітпен бірлесе отырып қана атқарамыз» дейді сәтбаевтық қажылар.

Ауызашарға келетін аталар мен әжелерді, ал, олардың көпшілігі мүгедек жандар, көлікпен қамтамасыз етуді қала әкімдігі өз мойнына алды.

– Бізді Жезқазғаннан арнайы Сәтбаев қалалық мешітіне, ауызашарға шақырған жандарға айтарымыз алғыс қана. Арнайы көлік жіберді. Міне, бізге деген көл-көсір көңілдерін көріп жатырмыз. Көптен бері кеншілер қаласына атбасын тіреген жоқ едік, соның мүмкіндігі туғанына да қуанып қалдық. Көрші тұрсақ та, күнде қыдырыстап келіп жатқанымыз жоқ қой, деген қариялар Сәтбаев қаласының мешітіне, Қажылар қауымдастығына шынайы ризашылықтарын білдіріп жатты.

Абдолла ДАСТАНОВ.

Комментарии закрыты.