Екі маңызды мәселе қаралды

Өткен сенбіде қала әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті.

Отырысты қала әкімінің орынбасары, аталмыш комиссия төрағасы Серік Имамбай жүргізіп отырды.

Комиссияның қарауына «Мүгедектердің құқықтарын қорғауға бақытталған заңнаманың сақталуы» және «2015 жылда ҚР-ның 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік Стратегиясын іске асыру аясында гендерлік аспектіні ақпараттық жариялау және түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз ету» туралы екі мәселе ұсынылды.

Бірінші мәселеге орай Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бөлімше меңгерушісі Т.Қапарова баяндады.

– Қазіргі таңда Сәтбаев қаласында 4502 мүгедек есепте тұрады, соның ішінде І топ мүгедегі – 305, ІІ топ мүгедегі – 1751, ІІІ топ мүгедегі – 2185, ал 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 261.

Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектер протездік-ортопедиялық көмекпен және техникалық көмекші құралдармен (жыл басынан бері 79 адам), арнаулы жүріп-тұру құралдарымен (55 адам), санаторлық-курорттық емделумен (8 адам), мүгедектерге міндетті гигиеналық құралдармен (160 адам) қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, жүріп-тұруы қиын І топтағы 130 мүгедек жеке көмекші қызметін пайдаланып отыр.

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап жүріп-тұруы қиын мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету үшін «Инватакси» қызметі ашылды. Мүгедектерге арналған такси қызметі мүгедектердің өтінішіне сәйкес күн сайын мүмкіндігі шектеулі адамдарды тұрғылықты жерінен жұмысқа, оқу орнына дейін және кері тасымалдаумен қатар, жетелеп жүру қызметін де көрсетеді.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі адамдарды өкілетті және атқарушы органдарға, әлеуметтік сала нысандарына және медициналық мекемелерге бару үшін тасымалдауды қамтиды. І-ІІ топ мүгедектері және 18 жасқа дейінгі бала жастан мүгедек балалар қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру билеттерімен толық қамтамасыз етілген.

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «кедергісіз орта» қалыптастыру мақсатында барлығы 33 объект паспортизациядан өтті. Білім беру саласы бойынша 16 мектеп, әлеуметтік қорғау саласы бойынша зейнетақы төлеу орталығы, қалалық аурухана, қалалық сот, тұрмыстық қызмет көрсету орталығы – (ПЭС, ПТВС), қалалық почта, қалалық әкімшілік, спорт сауықтыру кешенінің (СОК) тексеріс барысында талапқа сай екені анықталды, – деді баяндамашы.

Екінші мәселеге орай, «Сәтбаев қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ сектор меңгерушісі Г.Шахманова қып-қысқа мәлімет берді.

Мәлімет бойынша 2015 жылы қалалық бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға, оның ішінде гендерлік теңдік Стратегиясына 5 млн. 214 мың теңге бөлінген.

Ұзақ мерзімді жоба – «Шаңырақ» – өмірлері қиын жағдайға ұшыраған әйелдер мен балаларға көмек көрсетуге арналған дағдарыс орталығының қызметі үшін 4 млн. 314 мың теңге бөлінген. Бұл Орталықта адамдарға психологиялық және заңдылық тұрғысынан ақыл-кеңестер беріледі, 7 күнге дейін баспана ұсынылады. Сонымен қатар, тұрғындар мен еңбек ұжымдары арасында көшпелі семинарлар өткізу, Орталық жұмысын насихаттау, ішкі істер бөлімінің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес бөлімшесінің қызметкерлерін қатыстыра отырып, аулаларды аралау қарастырылған. Орталықтың қызметіне жылына орташа есеппен 40-60 әйелдер жүгініп отырады екен.

Осы екі мәселені талқылаған комиссия мүшелері өз ойларын айтып, ортақ шешім қабылдады.

Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Әпековке мүгедек жандарға сапалы әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыру және мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің жұмысын жандандыру ұсынылды.

Г.Шахманованың хабарламасы назарға алынып, гендерлік теңдік Стратегиясын тұрғындар арасында кеңінен насихаттауға кеңес берілді. Осы тапсырмалардың орындалуын бақылауға алу комиссия хатшысы Г.Таңсықбаеваға жүктелді.

М.Жаппасбаева, комиссия мүшесі.

Комментарии закрыты.