Астанаға айшықты тарту

20150710-03-1Төрткүл дүниені тамсандырып, жыл сайын ажарына ажар қосып келе жатқан Елордамыз – Астана биыл 17 жасқа толды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Арқа төріне қоныс тепкелі бері Елордамыз ХХІ ғасырдың сәулет үлгісінің негізінде көркейіп келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде 6 шілде – Астана күнін тойлау дәстүрге айналды. Бас шаһардың биылғы он жетіге толған туған күнін кенді қаланың тұрғындары көтеріңкі көңіл-күйде атап өтті.

 Тарихқа тағзым

Мерекелік іс-шараның бірі де бірегейі ретінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналып мамыр айында ашылған «Тағзым» мемориалдық кешеніне «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу», «Интернационалист-жауынгерлерді еске алу», «Техногенді апаттарды жоюға қатысқандарды еске алу» және «Бейбіт өмірде қаза болған ерлерді еске алу» мүсіндерінің ашылуы деп білеміз.

Бұл кешенде осыған дейін тыл еңбеккерлеріне арналған мүсін қойылған болатын. Енді, міне, алаңда ұлт тағдыры үшін Отан деп жан берісіп, жан алысқан өр рухты ерлердің де ерлік істеріне құрмет ретінде ескерткіштер орнатылды.

Аталмыш ескерткіштердің ашылу салтанатында сөз алған қала басшысы Әнуар Омар шаһар тұрғындарын Астана күнімен құттықтай келе, тарихи оқиғаларда елі үшін қыршын кеткен ерлерді келер ұрпақ санасында жаңғырту қазіргі уақытта маңызды деп атап өтті.

– Талай зұлматты көрген қазақ елінің бүгінгі берекелі де мерекелі тіршілік етуінде біз ескерткіш қойып, ұлықтап отырған батырлардың көзсіз ерліктері бар. Біздің бұл ескерткіштерді дәл Астана күнінде ел игілігіне берудегі мақсатымыз – жас ұрпақ бүгінгі тәуелсіздік таңының осыншалықты қиын жолмен келгенін ұғындыру, ұғындыра отырып, патриоттық сезімі, рухы асқақ ұл мен қызды тәрбиелеу. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында еліміз төл тарихын жаңғыртып, өшкенін тірілтіп жатқан тұста шағын қалада мұндай игі істер жасаудың да маңызы айрықша. Олай болса, тарихқа деген құрметіміздің белгісі ретінде осы ескерткіштер шаһар төрінде мәңгілік жарқырап тұрсын, – дей келе, Әнуар Серікбайұлы «Тағзым» мемориалдық кешенінің авторы, Қарағанды сәулетшілер шығармашылық Одағы басқармасының төрағасы Айдархан Қалмахановқа Алғыс хат тапсырып, дәстүрімізге сай иығына шапан жапты.

Өз кезегінде Айдархан Сейтмаханұлы да мұндай тарихи маңызға толы кешен ашу ісін қолға алып, шаһардың бос жатқан жерін сәулеттендіріп, халық игілігіне беру ісінде қала әкімінің бастамасы жатқандығын тілге тиек ете келе, ел көлемінде мұндай кешеннің өзге қалаларда кездеспейтіндігін айтып, маңыздылығын ерекшеледі.

Алаңға жиналғандарды Ұлы Отан соғысының ардагері, қаланың Құрметті азаматы, қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Шермұхамбет Байбосынов аға буын атынан зор ризашылығын білдірсе, мемориалдық кешеннің абаттандыру жұмыстарын жүргізген «Жезсвязьстрой» ЖШС директоры Марат Бекмағамбетов тарихқа тағзым жасап жатқан кенді қаланың тұрғындарын Астана күнімен құттықтады.

Одан кейін ескерткіштің салтанатты түрде лентасы кесіліп, көпшілік орнатылған мүсіндерді тамашалап, суретке түсіп жатты.

Жалпы бұл кешен шағын қалаларды дамыту мемлекеттік бағдарламасының аясында бой көтерді. Алаң мемлекеттік «Халық Қаһарманы» орденінің пішіміне сай жасалған.

Спорттық шаралар серпін берді

Астана тойына арналып спорттық сауықтыру кешенінде шахматтан, дойбыдан тартысты жарыс өтті. Бұл жарысқа аға буын өкілдерімен қатар жастар да құлшыныспен қатысып, ой жүйріктігін сынады.

Сонымен қатар, стритболдан да бәсекеге толы тартысты ойын ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.

Астана құрдастарына құрмет

Еліміздің бас шаһары еңсесін тіктеп жатқан сонау 1998 жылы өмір есігін ашқан кішкентай ғана бөбектер бүгінде ақылы толысып, биік белестерді бағындыруды мұрат тұтқан азаматтарға айналды. Қаламызда Астананың туған күнінде Елорда құрдастарын марапаттау игі дәстүрге айналған. Биыл да сол игі шара жалғасын тапты.

«Астана – бас қала» атты Елорда туралы әндер орындаушылардың фестивалі аясында 6 шілде күні 16 жасқа толған Ақнұр және Гүлнур Бекежановалар мен Илья Степанов қала әкімінің орынбасары Серік Имамбайдың қолынан кәмелеттік жасқа толған-дықтарын растайтын куәліктерін алды. Оларға Алғыс хат пен сый-сияпат тарту етілді.

Кешкілік Кеншілер алаңында Астана туралы әндер шырқаған әншілер мен мың бұралған бишілердің фестивалі мереке көркін аша түсті.

Астана тойы кенді қала төрінде отшашумен аяқталды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.