Құлазыған үй – қауіпті

20150710-07-3Бір ай бұрын редакцияға Шаталюк көшесі, 20 үйдің тұрғыны Жайық Тұрмағамбетов есімді азамат келіп, тұрғындарды мазалап жүрген бірнеше мәселені айтқан болатын.

– Біздің үйдің қасынан осыдан 7-8 жыл бұрын 5 қабатты үйдің құрылысы басталды. Әуелгіде үйдің жанына үй қосылып жатыр, енді жағдайымыз жақсарып, есік алдына асфальт түседі, маңайы жақсарады деп жүргенімізде, әлгі салынған 5 қабатты үйдің құрылысы толық аяқталмай, қаңырап қалды.

Есік, терезесі аңғал-саңғал күйге түскен бұл үйді бақылауға алып отырған ешкім жоқ. Айналасының бәрі құрылыс қалдықтары. Бетон, әйнек сынықтарына толы. Немерелерімізді өз бетінше ойнауға да жібере алмаймыз. Себебі, есік алдындағы ойын алаңы жоқтығын айтпағанның өзінде әлгі қараусыз тұрған үйден қауіптенеміз. Кейбір тұрғындар ашық жатқан үйді қоқыс алаңына айналдырып барады. Маскүнемдердің де жиналатын ордасы болып қалды қазір.

Көктем мен күзде жауған жаңбырдан үйдің айналасы суға толып кетеді. Асфальттың да жағдайы оңып тұрған жоқ.

Менің шағымыма дейін де Шаталюк 18 және 18 А үйдің тұрғындары осы мәселелерді айтып, қалалық әкімдікке хабарласқандарымен, ешбір нәтиже жоқ.

Құлазып, қараусыз қалған үйдің айналасын қоршап, сынған терезелерін бітеуге болмас па еді?, – дейді Жайық ағай.

Тұрғынның бұл көтерген мәселесіне көз қанықтыру үшін көп қабатты үйдің жағдайымен таныстық. Шынымен де, үлкен қарқынмен бастау алып, аяқсыз қалған үйдің тым құрығанда айналасын тазартып, осы маңайда ойнайтын балаларға ойын алаңын салып, жағдай жасау қажеттігі көрер көзге көрініп-ақ тұр.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.