Жиын марапаттаудан басталды

20150717-02-1Сейсенбі күні қала әкімдігінде кеңейтілген аппараттық жиын өтті. Жиында қала басшысы Ә.Омар бірқатар азаматтарды қала активі алдында марапаттады. Күн тәртібінде қала тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту мәселесі қаралды.

Аппараттық жиында Ұлы Отан соғысының ардагері, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ш.Байбосынов сөз алып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылған бірқатар қалалық іс-шаралар үшін ардагерлер атынан алғысын жеткізді. Ұлы Отан соғысы ардагерлері үшін орталық ауруханада арнайы палата ашқан №1 аурухананың директоры Ж.Ахановқа, осы палатаның жөндеу жұмыстарын жүргізген №12 орта мектептің директоры Р.Ильясованың еңбек ұжымына Алғыс хаттар табыстады.

Аппараттық жиында сондай-ақ, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, кенші, ақын М.Тілеуовке Қазақстан Жазушылар одағының мүшелік билеті салтанатты жағдайда табысталды. Ә.Серікбайұлы М.Нақыпбекұлын осы қуанышымен құттықтап, естелік сыйлық тапсырды.

Жиында «ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесі Президиумының шешіміне сәйкес, Сәтбаев қаласының әкімі Ә.Омарға, Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Р.Шакерхановқа және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Е.Байғазиевқа Авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов медалі салтанатты түрде табысталды.

Салтанатты марапаттармен бастау алған аппараттық жиынның күн тәртібі бұқаралық спортты дамыту мәселесін жан-жақты талқылаумен жалғасты. Аталмыш мәселе бойынша Сәтбаев қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы З.Дауымбаев есеп беріп, халықты салауатты өмір салтына үндеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. Бөлім басшысының айтуынша, 70 мың қала тұрғындарының 22 000-нан астамы ғана жүйелі түрде бұқаралық спортпен айналысады. Жалпы, қаламызда дене шынықтырумен айналысатын 148 әртүрлі спорттық бағыттағы нысандар жұмыс істейді. Осы салада еңбек ететін 75 маманның да барлығы дерлік жоғары білімді.

Қала басшысы Ә.Омар кеншілер қаласында халықаралық, республикалық, қалалық жарыстар ұйымдастыру жақсы дәстүрге айналғанын тілге тиек етіп, әйтсе де, жалпы қала тұрғындарының басым бөлігін салауатты өмір салтына шақыру бағытында кемшін түсіп отырған мәселелерді атап өтті. Ұлттық спортты жандандырудың тиімділігін айтып, өскелең ұрпақты бос уақытында спортқа бейімдеу бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Әсіресе, бұл бағытта қаламызда жұмыс істеп отырған 9 аула клубына артылатын міндет аз емес. Аппараттық жиында спорт саласын жетілдіру мақсатындағы проблемалар, оның шешу жолдары да әңгіме өзегіне айналды.

Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу процедураларының өту қорытындысы да пысықталып, қала тіршілігіне қатысы бар өзге де маңызды мәселелер талқыланды.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.