Орталық жұмысы жандануда

20150717-02-3«Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС қарасты «Дарис» емханасының үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап өндірістік типтегі «Отбасылық денсаулық орталығы» болып қайта құрылғаны белгілі. Атаулы өзгерістерге байланысты өткен аптада медициналық орталықтың директоры Владимир Михайлович Моторыкин «Кәсіп Қазақмыс» аймақтық кәсіподағының кеніштердегі төрағалары мен «Лайықты еңбек» қорының мүшелері және БАҚ өкілдерімен дөңгелек үстел басында бас қосты.

Отбасылық денсаулық орталығында атқарылатын жұмыс барысы жайында әңгімелеген Владимир Михайлович құрылымы турасында баяндап, қызмет көрсету бағыттарына тоқталды. Медициналық қызметтің жетпіске жуық түрі көрсетілетін орталық «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жұмысшылары мен зейнеткерлері, мемлекеттік тапсырыстар бойынша ем алушылар, коммерциялық негіздегі тұлғаларды қамтиды. Тіркелгендерге амбулаторлық, стационарлық қызмет көрсетіліп, денсаулық пункттерінде корпорация жұмысшылары реабилитациялық ем курстарын, физиоем қабылдап, медициналық тексерістен өтеді. ҚР-ның «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне орай, ем алушы өз денсаулығына дәрігерлермен бірдей жауап беруі тиіс. Сондықтан, аурудың алғашқы белгілері білінген сәтте әркім өзі тіркелген медициналық пункттің қызметін пайдалана алады. Ауруханаға жатқызуды қажет деп таппаған жағдайда электрмен емдеу, небулайзеротерапия, ингаляция секілді курстық емдер көрсетіледі. Сонымен қатар, жұмысшыларды орталыққа жатқызудың тәртібі мен ережелері, зейнеткерлерге көрсетілетін көмек түрлері жайында толық мағлұмат берілді.

– Кәсіподақ төрағалары еңбек ұжымдарының өкілдері іспетті. Сондықтан, түсіндіру жұмыстарын сіздер арқылы жүргізуді жөн деп таптық. Денсаулық пункттерінің жұмысы жайында көпшілік біле бермейді. Мақсатымыз – тұрғындарға, өндіріс еңбеккерлеріне дұрыс мәлімет, бағыт-бағдар беру, – деп атап айтты орталық директоры.

Таңертеңгі сағат сегізден кешкі сегізге дейін жұмыс істейтін отбасылық орталықта үйге шақыруларды қамтамасыз ету жолға қойылған. Яғни, 2-58-73, 2-58-72 нөмірлеріне қоңырау шалсаңыз болғаны, кәсіби мамандар жетіп келеді. Қазіргі уақытта тіркеуде тұрған он төрт мыңнан астам адамның төрт мыңға жуығын балалар, он мыңын өндірісшілер құрайды. Рентгенге түсіру, қан алу секілді барлық дәрігерлік қызметтің заманауи жетілдірілген түрлері қолданылатын отбасылық денсаулық орталығы қазан айынан бастап Сәтбаев қаласының тұрғындарын тіркеуге алуды бастамақ. Орталықтың жұмысы жаныңызға жақса – таңдау жасау еркіңізде.

М.АЛПЫСБАЕВА. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.