«Айгөлектегі» қызықтар

20150717-12-1Сәтбаев қаласындағы №16 жалпы орта білім беретін мектебі жанындағы «Айгөлек» жазғы сауықтыру алаңының әрбір күні көңілді, әрі қызыққа толы.

Оның ішінде балаларды патриоттыққа тәрбиелеуге бағытталған іс-шаралардың орны бөлек. Мысалы, Елордамыз –Астана күніне арналған іс-шара барлық баланың көңілінен шықты. Алаң тәрбиешілері Толқын Байділда мен Сандуғаш Төлеуова ұйымдастырған «Елімнің жүрегі – Астана» тақырыбындағы іс-шара викторинамен ашылды. Бүлдіршіндер Бәйтерек, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Хан шатыр сияқты Астананың көрікті жерлері жайлы қойылған сұрақтарға белсене жауап берді.

Іс-шарада демалушы бүлдіршіндер арасынан Ә.Арыстанбекова «Арман қала – Астана», К.Болат «Асқақтайды Астана» әндерін шырқады. Мектептің биші қыздары өзге ұлт өкілдерінің биімен, ал мектептен тыс «Нұр бөбек» би ансамбліне қатысатын жеткіншектер қазақ, қуыршақ билерімен көрермендердің көңілінен шыға білді.

Мерекелік көңіл-күй сыйлаған тамаша демалыс Айгерім Нұржанова өткізген «Бантикті балғын» атты топтар сайысымен жалғасты.

Бүлдіршіндердің сәндік эстетикалық талғамын, өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған жарысқа бес топтан Айым Кенжахметова («Достық» тобы), Жансұлу Жұмағұл («Сәтбаев» тобы), Мадина Рахметолла («Көгершін» тобы), Назым Бектур («Балдәурен» тогбы), Алтынай Ермек («Күншуақ» тобы) сайысқа түсіп, өз өнерлерін ортаға салды. Сайыс таныстыру, өз өнерін көрсету, сән үлгісі сияқты ьөлімдерден тұрды. Айта кетсек, көйлекке жабыстырылған бантиктер саны да ұпайға қосылды.

Нәтижесінде өнері озық және ең көп – тоқсан бес бантикпен көйлегін әсемдей білген Мадина Рахметолла жеңіске лайық деп танылып бас жүлдегер атанды. І орынды Жансұлу Жұмағұл, ІІ орынды Айым Кенжахметова, Назым Бектұр, ІІІ орынды Алтынай Ермек иеленді. Мерекелік сайыс өте қызықты өтіп, бүлдіршіндер көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.