Футбол турнирі басталды

Сәтбаев қаласының денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен көше және аула командалары арасында додалы жарыс басталды. Шағын футболдан өтіп жатқан байрақты бәсекеде 2003-2006 жылы туылған балалардан құралған 10 және 2000- 2002 жылы дүниеге келген жасөспірімдерден жасақталған 12 команда бағы мен бабын сынамақ.

Спорттық сауықтыру кешенінің футбол аренасын шуға бөлеген турнирді жыл сайын өткізу дәстүрге айналуда. Осымен екінші мәрте жанкүйерлер назарына жол тартқан жарыстың көрігін екі жүзден аса әуесқой спортшы қыздырды.

-Айтулы шараны өткізудегі басты мақсат – жастарды спортқа тарту, осы саланың дамуына атсалыса отырып, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру. Жас балғындардың жолына үлкен үмітпен қараймыз. Еліміздің абыройын асқақтатып, мәртебемізді асыратын, ұлы жеңістерге жеткізетін болашақ майталман спортшылар осылардан шықпақ, – дейді турнирдің бас төрешісі Еркін Күнпеиісов.

Жаттықтырушы Баян Бадағұловтың мектебінде шыңдалып жүрген жас спортшылардың бірі Саламат Сламбек. Ұлытау көшесінің намысын қорғаған «Қайрат» командасының шабуылдаушысы өзін жақсы жағынан көрсетіп, кәсіби шеберлігін танытып үлгеріпті.

– Футболға мықтап ден қойғаныма бес-алты жылдың жүзі болды. Басты мақсатым – қарсы қақпаға доп енгізіп, гол соғу. Бұл оңай шаруа емес. Талмай жаттығуды қажет етеді. Осы шараға қатысуымыздың өзі футболмен тұрақты айналысуымызға итермеледі. Бос уақытымыздың қалай өтіп жатқандығын аңғармай қаламыз. Жеңіске деген үміт мол. Сенім де жоқ емес. Команда ойыншылары алдағы кездесулерде жеңіс жалауын желбіретеміз деп жігерлене түсуде, – дейді ол.

Шілденің 10 жұлдызында басталған турнир осы айдың аяғына дейін жалғаспақ. Жеңімпаздарды спорт бөлімінің дипломдары мен сый-сияпаттары, арнайы кубогы күтіп тұр.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.