Қажырлы еңбек иелері

20150717-03-2-220150717-03-2-1Шихташылармен қоштасқаннан кейін күкірт қышқылы цехына барғанымызда учаске бастығы Жетпісбай Шыңғожаев қарсы алып, кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында әңгіме өрбітті. Жүзден аса адам еңбек ететін цех күкірт қышқылы және құрғақ электр сүзгісі учаскелерінен тұрады. Газдан кислота өндіріліп, сүзу, жуу, кептіру секілді бірнеше процесс жүзеге асырылатын ұжымда еңбек қауіпсіздігі бірінші орында. Мұнда аппаратшылар, слесарьлар, жөндеушілер еңбек етеді. Жастар жағы жетерлік. Олардың шеберлігін арттыру мақсатында жетекшілер жұмыс барысын үнемі қадағалап, үйретіп отырады. Мұратбек Шойынбеков, Мәлік Азынабаев, Сағымжан Бекқожин, Бейбіт Әжібеков, Ғалымжан Мұқатов, Құрымбай Сұлтанов секілді еңбек озаттары – ұжым мақтанышы саналатын азаматтар. Бұл тізімді соза беруге болады. Өйткені, ұжым тек жауапкершілікті терең сезінетін адамдардан ғана тұрады.

Осы жерде 1975 жылдан бастап еңбек көрігін қыздырып келе жатқан Ж.Шыңғожаев – мамандығын бес саусақтай меңгерген майталмандардың бірі. Еңбек жолын аппаратшы болып бастап, қырық жыл бойы төккен тері ақталып үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісіне ие болды, Құрметті металлург атанды. Тынымсыз еңбектің арқасында абыройға жетіп, мыс зауытының отыз жылдығында жеңіл автокөлік мінді.

– Бүгінде қол жұмысын түгелге жуық техниканың үлесіне бердік, – деген учаске бастығы жұмысшылардың демалысын ұйымдастыру, олардың денсаулығын түзеуіне жағдайлар жасалып отырғандығын, мұндай үрдістің жалғасын таба беретіндігін айтты. Ал, жұмысшылардың еңбекақысы туралы қойған сұрағымызға: – Бізде «жоспарды орында да еңбекақы ал» деген түсінік қалыптасқан. Табыс табуға мүмкіндік бар, – деп жауап берді. Табыс кілтінің тәртіпте, цех ұжымының алға қойған мақсаттар биігінен көрінуге қабілетті екендігін айта келіп, әлі де болса металлургия өндірісінде білім жағынан сауатты мамандардың қажеттігін сөз етті. Жоғарғы технологияны игеріп, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, өнім сапасын жетілдіру мамандардың шеберлігіне байланысты деген металлург жастарға сенім артатынын айтып, ағынан жарылды.

Жастар арасында да Серікжан Мұхамбедияров, Айдос Елемесов, Серік Кеңесов, Ельдор Микаилов, Серік Мыңжасаров, Мадияр Әлжаппаров секілді жұмысты жапырып істейтіндер жетерлік. Слесарь Қайыржан Есқалиев металлургтер әулетінің өркен жайған бұтағы іспеттес. Баласы Рақымжан Есқалиев слесарь-жөндеуші болса, қызы Гүлжазира газ сорғыш бөлімінің машинисі. Олар өз міндетін үлкен жауапкершілікпен атқарып, әулет ізбасарларын тәрбиелеп, дәстүрлі кәсіптен қол үзбек емес.

Жалпы, күкірт қышқылы цехында өз ісіне берілген нәзік жандылар баршылық. Ауыр жұмыста ерлермен қатар жүрген Нина Сигова қырық жылға жуық осы ұжымның ыстығына күйіп, суығына тоңып жүргендер қатарында. Екатеринбургте туып-өскен орыс қызының жолы Жезқазғанға 1976 жылы түсіпті. Туыстарына қыдырып келіп қалып қойған он сегіз жасар Нина еңбек жолын осы цехтың зертханасында бастаған.

«Еңбегіміз еленуде. Мереке сайын сый-құрметтен кенде қалып көрмеппін. Егер адам жұмысын шын ынта-ықыласымен атқарса, жылдам бейімделіп кетеді» деген ұстанымдағы Н.Сергеевна әріптестеріне мереке қарсаңындағы құттықтауын жеткізді.

Мұнан кейін біз ауыр жұмыстың қиындығын сездірмей жүрген жандардың отбасына бақыт, еңбектеріне табыс тілеп қоштастық.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.