Бағдарлама жүзеге асырылуда

«Әлемдік тұрақсыздықтың басты қатері – жұмыс­сыздықтың өсуі. Елде жүзеге асырылып жатқан мем­лекеттік те, салалық та – барлық бағдарламалар, тек әлдебір бөліктері емес, барлығы нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан Үкіметке және әкімдерге 2013 жылдың өзінде-ақ төмендегіні іске асыруды тапсырамын: — кәсіпкерлікті дамыту және бизнесті қолдау жөніндегі бұрын қабылданған барлық бағдарламаларды ықпалдас­тыру; — бюджеттік қаражатты жұмыссыздардың және кірісі аз адамдардың көрсеткіші жоғары өңірлерге бөлу тетіктерін әзірлеу».

Бұл Елбасының ел халқына жолдаған, қоғамдық маңызы айқындалған құнды құжатында айтылған тапсырмасы болатын.­ Бұл бағыттағы шаралар бұған дейін «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүйелі түрде жүзеге асып келді. Бұдан кейін ше? Елдегі жұмыссыздықпен күрес мәселесі қалай шешіледі және экономикадағы жұмысшы күшінің проблемасы қалай реттеледі?

Жасыратыны жоқ, жаһандық дағдарыс тұ­сында экономикалық қуаттылығымызға кері ықпалын тигізді. Халық арасындағы әлеуметтік теңсіздік пен экономикалық белсенділік деңгейі де бір­шама төмендегені жасырын емес. Осындай алмағайып тұста мемлекет­ішілік әлеуметтік бағдарламаларды қабылдауға тура келді. Бұл ретте «Жол картасы – 2020» арнайы мемлекеттік бағдарламасы еңбек нарығына жүктелген болатын. Бағыты айқындалып, тиімділігі сұрыпталған соң бағдарламаны іле-шала «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы жалғады. Бүгінгі күнге дейін осы бағыт негізінде жұмыссыздық деңгейін төмендету алғышарт­та­рына тосқауыл қойылып келді. Атап айтқанда, азаматтарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәр­демдесу, ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамыту­, еңбек ресурс­тарының ұтқырлығын артты­ру және ауылдың инфра­құры­лымын дамытуға бағыт­талған бағдарлар аясында жұмыс жасап келген­ бағдарлама өзгеріс­ке ұшырады. Нақтырақ айтар болсақ, бағдарлама ық­шамдалып, біріктірілу арқы­лы жұмыс жоспарын жалғастыра бермек. Осы уақыт аралығында жа­салған жұмыстардың жалғасы не болмақ? Еңбек нарығына қажетті маман ретінде оқытылған жұмыссыздар ше? Бұлардың барлығы да жел соққан ба­ғытпен кетпейді. Ел экономикасына үлес қосушы, мемлекет саясатын оңтайлы жүзеге асыру бағы­тындағы жұмыстар болып қалады. Ал, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы мемлекет басшысының тапсырмасымен қазақстандық еңбек нарығының тиімділігін арттырудың кешенді «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы болып қайта қабыл­данды.

Жаңа бағдарлама үш бағытта жұмыс жасауды көздейді. Осы үш бағыт бойынша жұмыс Сәтбаев қаласында 2011 жылдан бастап жүзеге асырылады. Егер талдап айтар болсақ, бірінші бағыт – «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету», екінші бағыт – «Жеке кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру және тірек ауылдарды дамыту», үшінші бағыт – «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу». Бағдарламаның басты мақсаты – елді жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуды ұйымдастыру, жұмыссыздық деңгейінің өсуін төмендету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу.

 

Бағдарлама қаламызда қалай жүзеге асырылып жатыр?

 

Біз осы сауалды қаламыздағы жұмыспен қамту орталығының маманы Маржан Шәріпқызына қойған едік. Оның айтуынша, бағдарламаның екінші бағыты «Жеке кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру және тірек ауылдарды дамыту» бөлімі бойынша бүгінде ауқымды жұмыстар қолға алыныпты. Бұл бағыт негізінен жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту арқылы кәсіпкерлікті ынталандыруды және экономикалық белсенділікті арттыруды, тірек ауылдық елді-мекендерді кешенді дамытуды көздейді. Бағдарламаға қатысушыларға нақтылы қолдау да көрсетіледі. Мәселен, жол жүруге және тұруға материалдық көмек ұсына отырып, кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту және бизнес–жоспарын дайындауға жәрдемдесу, микрокредиттер беру, жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту осы бағдарламаның құзырында.

 

Бағдарламаларға қатысу­шы­ларға микрокредит беру шарттары қандай?

 

М.Шәріпқызы бұл сауалымызға да барынша нақтылы жауап берді. Яғни, микрокредит қайтарымдылық негізінде микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдар, қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйым үшін кепіл немесе кредиттік серіктестіктердің барлық қатысушыларына немесе қаржылық жай-күйі уәкілетті өңірлік ұйымның талаптарын қанағаттандыратын үшінші тұлғаларға кепілдіктер берген кезде беріледі. Бұл қаржы тек нысаналы сипатта жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту үшін ғана жұмсалады. Микро-кредит тұтынушылық мақсаттарға, бұрынғы қарыздарын өтеуге және жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ, сауда саласындағы қызметтi жүзеге асыруға берiлмейдi. Микрокредит беру мерзiмi бес жылдан аспайды. Микрокредиттiң ең жоғары сомасы – үш миллион теңге.

 

Микрокредитке қала тұрғындарынан қанша адам ие болды?

 

Бұл сауалдың да оқырмандарды қызықтырары анық. Сондықтан, бөлім маманына оны да көлденең тарттық. Оның айтуынша, Қара­ғанды облысының әкімдігінің қаулысына сәйкес микрокредит беруді ұйымдастыру жөніндегі уәкілетті өңірлік ұйым болып «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бекітілген. Осы қор арқылы Сәтбаев қаласында бағдарламаның екінші бағыты 2012 жылдан бастап жүзеге асыруылуда. 2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін қала бойынша 9 адам (оның ішінде 5-і әйел, 3-і 29 жасқа дейінгі жастар қатарынан) өз ісін ашу немесе кеңейту мақсатында микрокредит алған. Нақтырақ айтқанда, жеке кәсіпкерлігін кеңейту немесе ашу үшін, ірі қара мал басын көбейту мақсатында 2012 жылы 4 адамға 7,5 млн.теңге, 2013 жылы 2 адамға – 4,8 млн.теңге, 2014 жылы 3 адамға – 7,5 млн.теңге көлемінде микрокредит берілді.

2015 жылға республикалық бюджеттен микрокредит беру үшін Сәтбаев қаласына 18,0 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі күні 6 қатысушының құжаттары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамына жіберіліп, жұмыстар жүргізілуде.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.