Қасиетті жұмадағы айт намазы

Отыз күн ораза ұстап, Алла жолында амал-құлшылығын бекемдеп, елімізге, жерімізге амандық тілеген ел мұсылмандарымен қатар, сәтбаевтық қауым да таңғы сағат 6-дан бастап Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешітке жиналып, жұмадағы айт намазында сәждеге бас қойды.

Қарасы қалың халықпен бірге қала басшысы Әнуар Омар да айт намазында сап түзеп, жиналған көпшілікті Рамазан айының аяқталуымен құттықтап, Жаратқаннан ел мен жерге тыныштық тіледі.

«Біз ислам діні – бейбітшілік пен ынтымақ діні екенін білеміз. Рамазан құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке», деді Әнуар Серікбайұлы.

Орталық мешіттің бас имамы Қондыбай қажы Әкбаровтың имандылық, діндегі тазалық мәселесі айтылған уағызынан кейін, барша жұртшылық екі рәкәттан тұратын айт намазын оқыды.

Мешіт асханасында жайылған ақ дастархан басында отыз күн оразадан соң аман-есен көріскен мұсылман бауырлар «ораза айт қабыл болсын» десіп жатты.

Дайындаған Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.