Қатал тапсырмаға қатаң бақылау

Қаланы абаттандыру, тазалау жұмыстарын пысықтап, кем-кетігі болса ретке келтіріп, жауапты мекемелерге тапсырмалар жүктелетін кезекті штаб отырысы өткен бейсенбі күні қала әкімінің орынбасары Серік Оразбаевтың басшылығымен өтті.

Қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы басшысының орынбасары А.Бейсова «тазалық бейсенбілігінде» атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, жұмыс барысын қадағалауда Ерден, Абай, Шаталюк көшесінде тазалық жұмыстарына жауапты мекемелер өз міндеттерін сапалы орындаған. Ал, Шығыс Жезқазған кеніші бірде шығып, бірде шықпайды, Өнер мектебі бұл жолғы тазалық жұмысында осалдық танытқан. Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының ұжымына «Жеңіс» саябағына күтім жасау жүктелгенімен, ешқандай жұмыс атқарылмаған. Электржүйелері кәсіп­орыны бекітіліп берген аумақта үнемі тазалық жұмыстарын жүргізіп, жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарайтындықтарын байқатқан.

Жауапты өкілдің айтуынша, ТКЦ-4 өздеріне тиесілі аумақты арам шөптен тазартпаған, жеке кәсіпкерлік нысандардан «Колизей» түнгі клубына әкімдіктен жауапты тұлғаның тарапынан бірнеше мәрте ескерту айтылғанымен, айналасын қоқыстан тазартпай отырған көрінеді.

Мемлекеттік мекемелерден белгіленген өкілдер тарапынан бақылаудың осалдығын айтқан Серік Төкенұлы «тапсырманы орындата алмасаңдар, өздерің барып істеңдер, кабинетте отыра бермей, әйтпесе орынды босатыңдар» деуге дейін барды.

Құрамында 90 жас сарбазы бар (3 маусымда 220) «Жасыл ел» еңбек жасағы жұмысының да нәтижесі мардымсыз екендігін, оны да қадағалау керектігін айтты.

Жиын барысында С.Оразбаев жауапты тұлғаларға ойын алаңдарының тазалығын қадағалауды, қысқа дайындық кестесіндегі кешігу себептерін шеше отырып, жұмыстарды ширатуды тапсырды.

Тапсырма беру екінің бірінің қолынан келер, дегенмен бақылауға да бақылау керек!

М.Жаппасбаева.

Комментарии закрыты.