Бірлескен іс-қимыл қажет

20150724-02-2Ел көлемінде мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі бағдарламасын дамыту – бүгінгі күні маңызды стратегиялық бағыттың бірі. Осы тұста мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру ниетінде құрылған Қазақстан жастар Конгресінің, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеті жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы мен облыстық, қалалық, аудандық жастар ресурстық орталықтарының атқарып отырған жұмыстары негізгі күшке айналуы қажет. Қазіргі қоғам жастарының әлеуметтік, әлеуеттік жағдайын сараптай отырып, оларға жағдай тудырудың да басты қозғаушылары осы ұйымдардың қызметімен тікелей байланысты.

Қарағанды өңіріндегі жастар саясатының жүзеге асу бағытын елеп-екшеу мақсатында өткен аптада кенді қалаға келген жоғарыда аталған екі ұйым өкілдері қалалық әкімдікте жергілікті мемлекеттік мекеме басшыларымен, қала жастарымен кездесті.

Қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчуктың төрағалығымен өткен басқосуда Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университет жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанар Боқанова «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы төңірегінде, орталықтың әлеуметтанушылық зерттеулер және болжамдау басқармасының басшысы Людмила Бурланченко ел жастарының әлеуметтік ахуалы төңірегінде, ал, облыстық жастар бастамашылдығы орталығының директоры Ақжол Құрмансейітов өңірде жастар саясатының қалай жүзеге асып отырғандығы жөнінде баяндады.

Ж.Боқанова сөз еткен «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы жастардың жағдайы мен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясатының ахуалын саралауға арналған. Онда ғылыми зерттеулер, мемлекеттік органдардың ресми статистикалық мәліметтері, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындылары негізінде ғылым мен білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік т.б. салалардағы жастардың жағдайы сараланады, сондай-ақ, жастар арасындағы қылмыс, олардың қоғамдық-саяси процесстерге қатысуы, және демографиялық жағдайы зерделенеді. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың барысы мен оның тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылады.

Жас буынның өміріндегі кедергілер мен қиындықтардың, мемлекеттік жастар саясатының түйіткілді тұстарының саралануы Ұлттық баяндаманың маңыздылығын арттырады.

Жиын барысында қаладағы жастар саясатының жүзеге асырылуы да тілге тиек етіліп, бірлескен іс қимылдардың қажеттігі айтылды.

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өткен жастармен кездесуде Қазақстан жастар Конгресінің атқарушы директоры Әлия Сәрсекеева, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының сарапшысы Ғалия Карменова, облыстық жастар бастамашылдығы орталығының талдау және мониторинг бөлімінің меңгерушісі Аида Садықова сәтбаевтық жастармен пікір алмасып, ой бөлісті. Және бірге қоян-қолтық жұмыс жасауға уағдаласып тарқасты.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.