Табысқа кенелудің бір жолы

20150724-02-3Сәтбаев қаласында «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы және Ұлттық экономика Министрлігінің ұйымдастыруымен кәсіпкерлер мен кәсіпкерлікке ынталы тұрғындарға арналған қысқа мерзімді оқыту курстары аяқталды.

Ағымдағы жылдың 15-16 шілдесі аралығында бекітілген кесте-жоспарға сәйкес өткізілген оқыту курстарына қатысушылардың саны жылдан жылға өсуде. «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша өткен екі күндік курсты 25 адам тәмамдап, аймақтық Кәсіпкерлер Палатасының директоры Марат Божбановтың арнайы сертификатына ие болды. Олардың арасында өзінің ісін ашуды қалайтындар жетерлік. Сондай ынталы жастардың бірі – 23 жасар Әсет Нұрманов курстар жөнінде пікірін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

– Бұл өз кәсібін ашқысы келетіндерге пайдалы, өте қызықты. Күшімізді бағалауға, дұрыс шешім қабылдауға, мүмкіндіктерді орайлы пайдалануға көмектеседі. Өз ісіңді ашып, табысқа кенелудің жолын көрсетеді. Бизнестің не екендігін түсіндім. Көмек қолын созғысы келетін жанашыр азаматтар қолдау көрсетуде. Мен Алматы қаласындағы арнайы массаж орталығында білім алып келдім. Осы салада халықаралық сертификатқа ие болдым. Енді осы жақтан сондай орталық ашқым келеді. Жобаны құрып, дайындап қойдым, – дейді ол.

Оқыту барысында «Бизнес сабақтары», «Кәсіпкерлік курсы» атты кітаптар таратылып, бизнес неден басталады, кәсіпкерліктің психологиясы, кәсіпорынды құру және сатып алу, бизнес жоспар құру, кәсіпкерліктің заңдылық аспектілері, заңды тұлғаларды тіркеу, маркетингтік қызмет, банктік несие турасында мағлұматтар берілді. Мүмкіндіктері шектеулі жандар бұл жобадан тыс қалған жоқ. Олар да болашақта өз кәсібін ашып, жеке кәсіпкер атанбақ. Сонымен қатар, қатысушылар қажетті оқу материалдарымен қамтамасыз етіліп, шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары жөнінде толық ақпараттар алды. Дәрістер интерактивті режимде өтті. Тек теориялық негізде ғана емес, сондай-ақ тәжірибелік жағынан да біліктілік арттырылды. Бизнесті ашу, маркетингтік және басқарушылық қабілетті дамыту, қаржы заңдылығы секілді бизнесті сауатты жүргізуге қатысты мәселелерді тәжірибесі мол білікті тренер, «Бизнес-Кеңесші» жобасының жоғары мамандандырылған оқытушысы Думан Жаманов үйретті.

«Бизнес-Кеңесші» жобасы шағын және орта бизнесті қолдау шеңберіндегі ең ауқымды бағдарлама болып табылады. Бизнес ашу және тиімді жүргізу бағыты бойынша білім беруді қарастырады. Соңғы жылдары қаламызда кәсіпкерлік серпінмен дамып келеді. Оның өркен жаюына барынша қолдау көрсетіп келе жатқан ұйымның бірі – Сәтбаев қаласының Кәсіпкерлер Палатасы филиалы. Филиал директоры Берік Әбеннің айтынша, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренуге деген тұрғындардың ықыласы өте жоғары.

– Банктерден несие алар кезде «Бизнес-Кеңесші» оқыту курсының сертификаты маңызды рол атқарады. Яғни, оқу бітіргеннен соң берілетін сертификат «Даму» қорының кепілдемесін пайдалануға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Болашағын ойлаған талапты тұрғындарға «Бизнес-Кеңесші» жобасының пайдасын тигізіп, кәсібін дамытуларына мүмкіндік беретіні даусыз. Жоба алдағы жылы да жалғасады. Қызығушылық танытқан кәсіпкерлер толық мәліметті «Даму» қорының www.damu.kz сайтынан ала алады.

Айта кетейік, «Бизнестің жол картасы-2020» жеке кәсіпкерлікті дамытудың кешенді бағдарламасы болып табылады. Түпкі мақсаты – шағын және орта кәсіпорындарға көмек көрсету, бизнесті дамыту, бәсекеге қабілетті өнімдерді шығаруға қолдау көрсету. Сондықтан, бұл бағдарламаға қатысқандар ұтпаса ұтылмайды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.