Жүлдемен оралды

Сәтбаев қаласының мәдени-сауықтыру спорт орталығындағы «Барыс» аула клубының спортшылары шілденің 8 мен 15 аралығында Алматы облысының Үштөбе қаласында өткен ҚР чемпионатынан жүлдемен оралды. Байрақты бәсекеде он төрт облыстан жиналған үш жүзден аса спортшының бағы мен бабы сынға түсті.

Пауэрлифтинг пен жатып сығымдау спорты бойынша бір алтын, бес күміс, бір қоланы қоржынына салған жерлестеріміздің арасында 53 салмақта 260 келіні бағындырған Азамат Ибраев ҚР чемпионы атанып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Өз салмағынан екі есе зілтемірді сығымдап, жеңіс тұғырынан көрінген Азамат абыройымызды осылайша асқақтатты. Сонымен қатар, Еркебұлан Әбдіманап, Самат Оразбаев, Бидәулет Тұяқбай әдемі ойын өрнегін көрсетіп, екінші, үшінші орындарды еншіледі.

20150724-1-1

– Бұл бірінші жетістігіміз емес. Басқалардан кем еместігімізді танытып, осымен үшінші мәрте жеңіс жалауын желбіреттік. Мұның барлығы тынымсыз жаттығулар мен төккен тердің жемісі, жаттықтырушылар еңбегінің нәтижесі. Ел сенімін ақтаған спортшылар жеңісі бәрімізге ортақ қуаныш әрі мақтаныш, – дейді оларды бабына келтіріп баптап жүрген жаттықтырушы Ержан Мұздыбаев.

Талай рет додалы жарыстарда топ жарған өрендер тағы да қызу дайындыққа кірісіп кетті. Осы жетістіктерімен тоқтап қалмай, қазан айында Байқоңыр қаласында өтетін ҚР чемпионатына қатыспақ.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет түсірген Б.Қазкенов.

Комментарии закрыты.