Сөрелерде – отандық өнімдер

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық өндірушілерді қолдауға шақырып, «Қазақстанда жасалған!» жалпыұлттық акциясын өткізуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай, еліміздің барлық қалаларындағы сауда орындарында отандық өнімдер үшін арнайы сөрелер орнатылып, онда елімізде өндірілген тауарлар қойылды.

Бұл бағыттағы еселі еңбекті шаһарымыздан да байқауға болады. Отандық өнімдердің сапасы мен оған деген сұраныс жөнінде кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Әбусағит Әбдікермен сұхбатымызда өрбімек.

– Әбусағит Түгелбайұлы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған отандық өнімді қолдау жүзеге асуда. Осы бағытта қаламыздың сауда нарығында отан­­дық өнімдердің үлес салмағы қан­дай?

– Қаламызда сауда нүктелерінің сөрелерін соңғы уақытта отандық өнімнің қатары толықтыруда. Атап айтар болсақ, «Универсам», «Ғалия-Бану», «Нұртай», «Самади» дүкендерінде қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдері саудаға түсті. «Қазақстанда жасалған» бірыңғай белгісі бар өнімдердің қата­рында сүт және сүт өнімдері, ет және ет өнімдері, кондитерлік тағамдар мен шұжық, көкөністер сұранысқа ие болуда.

– Әлбетте, отандық өнім десек көз алдымызға ауылдың иісі аңқыған қымызы мен шұбаты, құрты мен майы келетіні хақ. Ал, сол өнімдердің сапасына бақылау қаншалықты күшейтілген? Олар қай ауылдан тасымалданады?

– Біздің өндірісті қалаға ауылша­руашылық өнімдері негізінен Сары­кеңгір, Алғабас, Ұлытау аудандары мен Жәйремнен келеді. Нағыз отан­дық өнімнің үлгісі саналатын ауыл­шаруашылық өнімдері көбінесе сенбі күні өтетін жәрмеңкелерде саудаға түседі. Олардың сапасы зертханаларда тексеріліп, рұқсаттама алғаннан соң тұтынушыға жол тартады.

– Отандық өнімдер мен шет елдерден тасымалданатын өнімдердің арасында сапасы мен бағасы жағы­нан қаншалықты айырмашылық бар?

– Отандық өнімдермен қатар шет елдерден әкелінген тауарлар түрі сан алуан. Қазіргі таңда қалада супермаркетттер бұл үшін жақсы жағ­дай жасап отыр. Дүкен сөрелерінен күнделікті тамақ рационына кіретін елі­мізде жасалған өнімдер бар. Соның ішінде сиыр, жылқы еттері мен тартылған ет­, павлодарлық, қарағандылық тау­ық еттері, сүт өнімдерінен әйгілі ресей­лік «Домик в деревне», «Простоквашино» айраны мен сүтіне толыққанды бәсекелес бола алатын өңірімізде шы­ғатын «Таллин», «МолКом» айрандары бар. Ақмоладан шығатын «Цесна» ұны, «Сұлтан» макароны, алматылық «Шедевр» күнбағыс майы мен Арал өңірінде жасалған йодталған тұз қазір сауда нарығында сұранысқа ие.

Ал, жергілікті «Устай» жеке кәсіп­керлігі шұжық, «Ахтямов» ЖШС жұ­мыртқа, «Самади-2030» ЖШС ұн шығару өнеркәсібі де бәсекелестерімен иық тірестіре алатындай дәрежеде.

Көкөніс пен жеміс-жидек көбіне оңтүстік аймақтан келеді. Базарларда алматылық апортпен қоса жергілікті жеміс-жидектер де отандық тауар қатарынан ойып тұрып орын алуда.

Шет елдерден жеткізілген өнімдерден отандық өнімдер сапасы, бағасы және әр алуандығы жағынан артық түспесе кем түспейді.

– Жалпы қазіргі күні тұтынып жүрген тағамдарымыздың эколо­гиялық тазалығы жөнінде де айтып кетсеңіз. Әсіресе, дәрілермен өсірілген жеміс-жидектердің сапасына қаншалықты бақылау бар?

– Сауда нүктелеріне сырттан әкелінетін жеміс-жидектердің, тағам­дардың сапасы қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасында орналасқан экспертиза орталығында қадағаланып, сертификат беріледі.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.