«Жетістіктерді еселеу – басты міндет»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті бір Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында: «30 пайызға дейінгі қазақстандықтар бұқа­ралық спортқа тартылуы керек. Осындай жағдайда біз дамуды көре аламыз», — деп атап өткен еді. Бұқаралық спортты дамыту – саламатты өмір салтының негізі, ұлт денсаулығының кепілі. Бұ­қа­ралық және жоғары кәсіби спорт кешенді бағдарлама мен жүйелі жұмысты талап етеді. Бұл бағытта шаһа­рымызда атқарылған іс-шаралар мен табыстар, спорт саласындағы түйткілді мәселелерді білу мақсатында қалалық дене шынықтыру және спорт бөлі­мінің басшысы Зухраб Даумбаевты әңгімеге тартқан едік.

– Зухраб Жұмабайұлы, кенді қалада бұқа­ра­лық спортпен айналысу­шы­лар­дың үлес салмағы қанша деген сұрақтан әңгімемізді баста­сақ.

– Ағымдағы жылдың ІІ тоқ­саны бойынша қалада 70152 адам болса, бұқаралық спортпен шұғыл­данушылар са­ны – 22590, ал пайыздық көрсеткішпен 32,2 құрайды.

– Бұқаралық спортты дамыту бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– 2014-2015 оқу жылында тұңғыш рет қаламызда мек­тепаралық баскетбол, футбол, волейболдан «Мектеп лигасы» ұйымдастырылды.

Бұл жарысқа қаланың жалпы білім беретін мектептерінің 7-11 сыныбының оқушылары қатысты. Ал, биылғы жылдың ІІ тоқсанында қала бойынша 1 – халықаралық, 5 – облыстық, 3 – аймақтық және 40 қалалық деңгейдегі жарыстар өткізілді. Оған 6070 адам қатысты.

– Тұрғындар үшін қанша спорттық нысан қызмет жасауда және жас спортшыларымыз қайда жаттығып жүр?

– Спортпен айналысу үшін қалада 148 әртүрлі спорттық нысан бар. Халықтың басым көпшлігі Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының қарамағындағы спорттық-сауықтыру кешенінде, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады. Осы тұста айта кетейік, балалар мен жасөспірімдер мектебінде қазақ күресі, дзюдо, грек-рим күресі, бокс, каратэ-до кекушинкай, футбол, жеңіл атлетика үйірмелері қызмет жасаса, спорттық-сауықтыру кешінінде спорттың 12 түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Атап айтар болсақ, футбол, жеңіл атлетика, үстел теннисі, шахмат, дойбы, армрестлинг, пауэрлифтинг, допты және шайбалы хоккей, жабық және ашық суда жүзу сынды секцияларда 890 жасөспірім қамтылған.

Қала мектептерінің спорт залдарын кешкі уақытта тиімді пайдалану үшін жергілікті мекемелермен меморандумға қол қойылған. Жалпы білім беретін мектептерде 4454 баланы қамтитын 119 спорттық үйірмелер мен секциялар қызмет жасауда.

– Жеткен жетістіктерді де тілге тиек ете кетсеңіз.

– Өткен жылдың қоры­тындысы бойынша Қарағанды облысы әкімінің бұқаралық спортпен айналысу рейт­­ин­гінде қаламыз ІІ орынға табан тіреді. Жоғарғы жетіс­тік­теріміздің бірі – кенді қаладан 32 спортшы: жеңіл атлетикадан негізгі құрамаға – 3 спортшы, жастар арасында каратэ-до кекушинкайдан – 7 спортшы, жасөспірімдер арасында – 22 спортшы, оның ішінде 15-і каратэ-до кекушинкайдан, 3 – бокстан, 2 – дзюдодан, 2 жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасына енді.

– Мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту жағы қалай жүзеге асуда?

– Қаламызда мүмкіндігі шектеулі жандар саны – 4286 құраса, оның 2125 жеңіл жұмыс пен спортпен айналысуға қабілетті. Олардың өмірге деген құлшынысын арттыру ниетінде үстіміздегі жылдың ІІ тоқсанында 4 спорттық іс-шаралар өткізіліп, 97 адам қамтылды. Бөлімнің жылдық жоспарына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арасында 1 – аймақтық, 9 қалалық жарыс өткізу жоспарланған,

Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық секциялар мен үйірмелерге 74 адам келіп, жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Олармен 3 маман жұмыс жасайды.

– Ұлттық ойындары­мыз­дың даму деңгейі қалай?

– Қазір ұлттық спорт түр­леріне деген жастардың құл­шынысы артып келеді. Қазақша күрес, тоғызқұмалақ, арқан тарту, асық ату сынды ұлттық спорт түрін дамыту үшін 36 жарыс жоспарланған. Қазір соның 17 өтті.

– Спорт саласының мамандарынан тапшылық сезіле ме?

– Сұрағыңыз өте орынды. Жалпы спорт саласында және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 75 маман қызмет етеді. Оның 69-ның білімі жоғары. Қазіргі күні қалада қысқы спорт түрлерінің мамандары тапшы. Спорттық-сауықтыру кешеніндегі 12 маманның қазір 3-еуі ғана қалды.

– Бұған не себеп?

– Спорттық-сауықтыру кешенінің Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы Олимпиадалық ре­зервті дайындау орта­лы­­ғының құрамына өтуіне байланысты бапкер-жат­тық­­тырушылар мен нұсқау­шылардың айлық жа­ла­қысы 2,5 пайыздан 4 есеге дейін азайып, спорт маман­дарының басқа қалаға кетуі себеп болып отыр.

– Мамандардың тапшы­лығынан бөлек, тағы қан­дай мәселелер жергілікті спорттың дамуына кері әсерін тигізуде?

– Қалада ату алаңдары, велотректер, шаңғы базалары сияқты мамандандырылған ғимараттар жетіспейді. Дене шынықтыру және спорт диспансері (спорт саласының дәрігері) жоқ. Мұнан бөлек, аулаларда орналасқан спорт алаңдарының ешбір ком­муналдық мекеменің қарамағында болмауы себепті істен тез шығуда. «Юность» стадионын пайдалануға мүмкіндік жасауға жергілікті билік тарапынан көмек болса дейміз. Кейбір мемлекеттік және жекеменшік еңбек ұжымдарында Қазақстан Республикасы спорт саласындағы заңнамасына сәйкес спорт нұсқаушыларының болмауы сынды мәселелер өз шешімін таппай тұр. Бірақ, бұл мәселелерге қарамастан қол жеткен жетістіктерімізді еселей түсуге тырысудамыз.

– Алдағы жоспарлары­ңызбен бөліссеңіз.

– Биылғы жылдың ІІ тоқсанында қала бойынша барлығы 23 спорттық іс-шара өткізу жоспарланған. Соның ішінде жаз мезігілінде футболдан, баскетболдан және стритболдан ашық біріншілік, футболдан әуесқой командалар арасында қала әкімінің Кубогі сарапқа салынса, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында аймақтық турнир ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, тамыздың соңғы жексенбісі – Спорт күні мерекесінде қаламыздың үздік спортшыларын марапаттау жоспарлануда.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.