Тындырымды тасымалдаушылар

20150731-03-1«Вираж сервис Қарағанды» ЖШС қарасты жолаушылар тасымалдау автокөлік кәсіпорны «Қазақмыс» корпорациясы мен қатар тұрған қос қаланың тұрғындарына қалтқысыз қызмет етуде. Бүгінде онда еңбек ететін бес жүзге жуық адамның үш жүз елуі жүргізушілер болса, қалғаны мекеме әкімшілігінің және техникалық қызметкерлер. Таңмен таласа жұмысқа аттанып, жұрттың ең соңынан үйлеріне беттейтін автобус жүргізушілерінің негізгі қызметі – адамдарды уақытында жұмыс орнына жеткізу. Кәсіпорын директоры Асылхан Қадіровтың айтуынша, барлығы тәжірибелі, өз ісінің шеберлері деуге тұрарлық мамандық иелері.

Олардың қатарында Кәрім Сәлімов, Жақсыбек Ағыбаев, Баяхмет Бегаев, Фад Гимма­дутинов, Мансұрхан Назарбеков, Мәди Ахметов, Ермек Жауыров, Дәурен Рахымбердиев бар.

– Кәсіпорында қосымша қызмет көрсету ісі жолға қой­ылған. Жөндеу шеберханасы, бас механика қызметі, ин­женерлік-техникалық жұ­мыс­­­шылардың өз міндетіне деген жауапкершілігі аса жоғары, – деген Асылхан Ескендірұлы 1992 жылдан бері бір салада тер төгіп келеді. Алғашқы еңбек жолын слесарь ретінде бастап, бір жылдан кейін слесарь-механик, одан кейін автоколонна бастығы қызметіне көтерілді. Жүктелген міндеттерді тын­ды­рымды атқаратын тиянақ­тылығымен көзге түс­кен білікті маманға бүгінде жолаушылар тасымалдау авто­­көлік кәсіпорнының тізгіні сеніммен тапсырылған.

– Биылғы жылдың ақпан айында инвестициялық бағ­дарлама бойынша жүз жеңіл автокөлік алдық. Жүзден аса жүргізушілеріміз – осы же­ңіл кө­лікті тізгіндеушілер. Қара­мы­ғымызда 109 автобус, 114 жеңіл машина, 6 арнаулы, жалпы алғанда барлығы 241 техника бар. Сонымен қатар, күн сайын түскен тапсырыстың ауқымына қарай автобустарымыз маршрутқа шығады. Кеншілер қаласынан Жездіге, Весовая мен Крестовский елді мекендеріне қатынайтын №1, екі қаланың арасындағы №101 маршруттарына қызмет көрсетеміз. Негізгі міндетіміз – «Қазақмыс» корпорациясының тапсырысын орындау. Өнді­рісшілерді кеніштерге жеткізу де біздің мойнымызда, – деген кәсіпорын басшысы Жезқазған аймағындағы кә­сіпорын жұмысшыларын тасымалдап, таңертең жұмысына жеткізіп, жұмыс аяқталған соң алып қайтатындықтарын, ауысыммен істейтіндердің де жұмыстан кешікпеуін, шық­қан соң күтіп қалмауларын қада­ғалайтындықтарын жеткізді.

Кәсіпорын автобустары соң­ғы рет 2012 жылы жаңар­тылған. Сол кезде жиыр­ма бес, отыз, қырық бес орындық отыз екі жаңа автобус алыныпты. «Қазақмыс» корпорациясынан түсетін тапсырыс ұлғайған сайын техниканың қажеттілігі де соғұрлым арта түсетін көрінеді.

– Қазір жұмыс кө­лемі бұ­рынғыдай емес. Қыс­қар­тулар, оңтай­лан­ды­ру­лар орын алуда. Солтүстік Жезқазған кенішіндегі кейбір құрылымдар қызметін тоқтатып, жұмыс айтарлықтай азайды. Бұл өзгерістер жа­ғым­сыздау әсерін тигізбей тұрмайды. Мәселен, қаңтар айында бес жүзге жуық жұ­мыс­шымыздың отызы оңтай­ландыруға ұшырап, ауыстырылды. Қолдан келгенінше қысқарту жасаған жоқпыз. Басқа жерлерден жұмыс тауып беруге тырыстық. Бастысы, қазіргі кезде жұмыс барысы тұрақтандырылды. «Қа­­зақмыстың» жыл сайынғы тапсырысында өзгертулер жиі орын алатындықтан, біз үшін бір бағытты ұстап тұру қиын. Негізгі келісім-шарттан ауытқымауға тырысамыз, – дейді А.Ескендірұлы.

Мұнда жүргізушілердің бі­лік­тілігіне баса назар аударылады. Өткен жылдың тамыз айында ресейлік компанияның «Защитное вождение» тренингіне қатысқан жүргізушілер екі жылға жарамды сертификатқа ие болды. Қызмет категорияларына орай жалақы мөл­шері жоғарылатылған. Жыл басынан бері қосалқы бөлшектер алуға бюджеттен қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстарына компания тарапынан қаржы қарастырылады.

Келе жатқан кәсіби мереке қарсаңында бар-жоғын түгендеп, табысын тара­зылаған тындырымды тасымалдаушылар биылғы жылы да мақтау мен марапаттан кенде қалмақ емес. Өйткені, олар әрқашан сый мен құрметке лайықты.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.