Рухы мықты Руза

20150731-03-2Кәсіпорында еңбек әулеттерінің ізбасарлары жетерлік. Солардың бірі – Руза Насырова. Ұлы Отан соғысының ардагері Шаймұхамед пен Фаризаның шаңы­рағындағы тоғызыншы перзент болып саналатын Руза жүргізуші болуды бала кезінен армандапты.

– Машина десе ішкен асымды жерге қоятынмын. Әлі күнге солай. Түсіне білген адамға көліктің де жаны болады. Мен өз көлігіме жылы-жылы сөз айтамын, еркелетемін. Тазалап, күтіп, баптап ұстауға тырысамын. Темір тұлпарымның өкпелеткен кезі жоқ. Кедергілерді кесіп өтіп, зырылдап жүр. Атам қазақ адалдықпен мал табуды көксеген ғой. Сондықтан, өмірлік кәсібім үшін еш ұялмаймын. Өз еңбегіммен нан тауып жүргеніме қуанамын, – дейді.

Ерлермен қатар еңбек етіп жүрген Руза Сәтбаев қаласындағы №16 кәсіптік училищесін жүргізуші-экспедитор мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын осы жерде бастап, отыз жыл бойы талмай еңбектенген Рузаның рухы мықты демеске шара жоқ. Кәсібіне әбден төселіп, бүгінде нәсібін көріп отыр. Әріптестері арасында абыройлы. Жыл сайынғы мерекеде марапатқа ие болып, аты аталғанда сүйген ісіне одан әрі құштарлана түседі. Насыровтар отбасында Рузадан бөлек темір тұлпарды тізгіндегендер жетерлік. Ағалары, апайлары, барлығы осы салада. Одан жаман болған жоқ. Әрқайсы бір-бір отбасының иесі атанып, балалы-шағалы болып отыр. Түздегі тірлігіне де, үй шаруасына да үлгеретін Рузаның ендігі бір тілегі – баласы Радиктің қызығын көру. Оның бұл тілегіне жетері сөзсіз.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.