Еңбек жемісі

20150731-03-3Алдағы жексенбіде көлік қызметкерлері өздерінің төл мерекелерін атап өтеді. Бұл мереке – автокөлік жүргізушілері мен темір жол қызметкерлеріне ортақ мереке. Соның ішінде темір жол саласында жүргізуші болып жұмыс істейтін Бақыт Аңсағаев (суретте) үшін тіптен ерек. Өйткені, ол болат жолдың бойында тер төгіп жүрген теміржолшыларды өзінің «Урал» автокөлігімен тасымалдап, қызмет көрсетеді. Сондықтан, Бақыт үшін көлік қызметкерлері күні қай жағынан болсын етене жақын.

Қарашаңырақ Қарсақбайда туып-өскен Бақыт Қыдырәліұлы өзінің еңбек жолын тоқсаныншы жылдардың басында механизатор болып бастады. 1989 жылы мектеп бітірісімен әскер қатарына алынған ол екі жылдан соң туған ауылына оралып, трактордың тұғырына отырған еді. Ауылдағы қысы-жазы бір толастамайтын науқандық жұ­мыстарда әбден ысылып, төселген ол кейін Сәтбаев қаласына көшіп келгенде де кейбір замандастары сияқты жеңіл жұмыс іздеген жоқ. 1999 жылы Жезқазған темір жол кешеніне жүргізуші болып жұмысқа орналасты. Содан бері осы салада тынымсыз тер төгіп жүр.

– «Жұмыстың қай түрі болса да адал атқарсаң абырой әпереді», деп отыратын әкем. Ол кісі ұзақ жыл мал баққан адам. Біз де бала жастан малмен көз аштық. Әкемізге қолдан келгенше көмек жасадық. Содан болар, мен жұмыс талғаған емеспін. Қазір ел «вахтовка» деп атап кеткен жұмысшылар тасымалдайтын «Урал» авто­көлігін жүргіземін. Осы көлікпен жол жөндеушілерді болат жол­дың бойымен алып жүріп, жолға жөндеу жасаймыз. Кен тиеген составтардың жолда ауып қалмауы, діттеген жерге тоқтаусыз жетуі сол жол жөндеушілерге байланысты ғой. Ал, олардың жөндеуді қа­жет ететін жерлерге кідіріссіз жетуі маған байланысты. Міне, осындай бір-бірімен бай­ланысты жұмыстарды бірлесіп атқарып жатырмыз. Біздің ұжым­дағы жігіттердің қай-қайсы болмасын өз істерін мінсіз атқаратын, ұйымшыл азаматтар, – дейді Болат.

«Әке көрген оқ жонар…» демей ме атам қазақ. Бақыттың әкесі Қыдырәлі Аңсағаев Қар­сақбай, Жезді, Ұлытау өңір­леріне белгілі үздік шопан болған жан. Бәйбішесі Бәдиша екеуі 11 бала тәрбиелеп өсір­ген. Бүгінде солардың барлығы өмірден өз орындарын тауып, берекелі еңбек етіп жүр. Осындай береке, бірлігі жарасқан отбасынан шыққан Бақыт та бір шаңырақтың тірегі. Жұбайы Ақжібек №12 «Гүлдер» балалар бақшасында тәрбиеші. Екеуі екі қыз бір ұлдың ата-анасы, екі немеренің сүйікті ата-әжесі. Балаларын да өздері сияқты еңбексүйгіштікке тәрбиелеп, оның жемісін көріп отырған жандар.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.