Халық қалаулысы қабылдады

20150731-02-2Шілденің 23 күні облыстық мәслихаттың депутаты, «Кен өндіру, металлургия өнеркәсібі еңбеккерлерінің «Кәсіп Қазақмыс» салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төреқожа Тілемісов сайлаушыларын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Сәтбаев қаласындағы №32 сайлау округынан дауысқа түсіп, 2012 жылы халықтың қалаулысы атанған депутат осы тектес қабылдаулар мен кездесулердің жыл сайын бірнешеуін өткізеді. Оның нәтижесі де жаман емес. Қоғамдық қабылдауға депутаттың көмекшісі Қабжан Досмақов, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбаса­ры Жаңбырбай Дәрібаев, «Кәсіп Қазақ­мыс» кәсіподағы Жезқазған кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерболат Сатыбалдин қатысып, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түрді. Осы уақытқа дейін түскен арыз-шағымдардың көбісі жұмыс орнына орналастыру турасында. Өткен айда осы сұрақпен келген жеті адамның өтініші қанағаттандырылған.

Өз мамандығы бойынша жұмыс іздеушілер қатарында Мұхит Атығаев, Болат Қайырбек, Ақбаян Әлкебаева, Ғалия Молдашева болды. Қажетті құжаттарды дайындап, қайтадан өтініш жазу керектігін түсіндірген депутат оларға кезек тәртібімен жауап беретіндігін жеткізді. Ал, Арайлым Дәулетова мен Айкүн Аяшева балаларын бөбекжайға орналастыру мәселесі бойынша келіпті. №36 «Ақбота» балабақшасында кезекте тұрған жас аналардың өтініші де ретімен қаралатын болды. Пәтер кезегінде тұрған Гүлмира Қойлыбаева болса жалғызбасты ана ретінде бөлек шығуға жағдайы жоқтығын жеткізді. Үкіметтен пәтер берілгенше жатақханадан орын алып беруді сұраған Г.Қойлыбаеваның өтініші бойынша тиісті жерлерге қатынас хат жолданатын болды.

Қабылдауда көтерілген мәселелер есепке алынып, жүзеге асырылуы бақылауға қойылмақ. Халықпен етене араласып, азаматтардың талап-тілектерін, шағымдары мен мұң-мұқтаждарын дер кезінде ескерген Т.Тілемісов көптеген мәселелердің түйінін тарқатып, көкейдегі сауалдарға орынды ой айтып, орнықты жауап қайтарды.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.