Елдің ой-пікірін білді

20150731-05-2Қалалық дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен жұма күні Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы Қондыбай қажы Әкбаров, орталық басшысы Зәмзәгүл Қиянова мен инспекторы Нұрсұлтан Сағынбай және т.б дін мамандары «Тұрар» және «Сарыарқа» базарларында жұртшылықпен кездесіп, бүгінгі діни ахуал төңірегінде ашық диалог жүргізді.

Тұрғындармен кездесу барысында мамандар ислам дінінің атын жамылып, арам пиғылдарын жүзеге асырып отырған әсіредіншілдердің идеологиясына ерген жастардың Сирияға кету, заңсыз бірнеше рет әйел алу сынды теріс іс-әрекеттері төңірегінде және нағыз ислам дінінің асыл құндылықтары турасында ой қозғап, олардың пікірлерін білді.

Әсіресе, жастардың ислам діні жайында, намаз оқу әдебі тұрғысында имаммен өрбіген әңгімелер көптеп кездесті.

Дінді өз дәрежесінде түсінбей, ислам дінінің ұлы ғалымдарының еңбегін жоққа шығарып, теріс үгіт-насихатпен саналарын улап, жиһад деп Сирияның шекарасында жүрген жерлес бауырларымыздың осы жолға бару себептерін де тұрғындар ашық айтып жатты.

Кейбір деструктивті ағымның жетегінде жүрген азаматтар мен азаматшалар дін мамандарынан теріс айналып, орталықтың қызметі мен байланыс телефондары жазылған бүктеме қағаздарды алудан бас тартып, «біздің өз дініміз бар» деген сыңайдағы пікірлерді де алға тартты.

Айналасы бір сағаттық сұхбаттың саудагерлерге де, тұтынушыларға да діни сауаттылық тұрғысынан бергені мол болды деген ойдамыз.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.