Мұражайға Мәкен Төрегелдиннің есімі берілді

20150731-04-1-220150731-04-1-1«Елім дейтін ерің болса, ерім дейтін ел қашан да табылады». Ел аузында айтылып жүрген осы бір қанатты қағиданың өміршеңдігіне тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық. Күні кеше көнекөздер ауызекі «Мәргініс» деп атап кеткен Жезді кентінің жұртшылығы өзінің саналы ғұмырын елінің, жерінің өсуі мен өркендеуіне сарп еткен дара тұлғалардың бірі – Мәкен Төрегелдинді мадақтап, есімін мәңгі есте қалдырды. Жезді өңірдегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің алғашқы іргетасын қалап, 1989-2007 жылдары осы рухани орданың тұңғыш директоры болған Мәкен Төрегелдиннің есімі осы музейге берілді.

Тарихтан там-тұмдап

«Ұлы Жібек Жолының» бір тармағында орналасқан Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы ең алғаш Қазақстан Министрлер Кеңесінің 1988 жылғы 12 желтоқсандағы жарлығымен ұйымдастырылған болатын. 1994 жылы 15 шілдеде ресми түрде ашылды.

Мұражай негізінен көне және орта ғасырлардағы тау-кен балқыту ісін көрсете отырып, палеолит кезеңінен ғарыш заманына дейінгі тарихты қамтиды. Тас, мыс, қоладан жасалған садақ ұштарынан бастап ғарыш кемесінің фрагменттеріне дейінгі экспонаттар мұражайға келушілерді бей-жай қалдырмайды.

Экспозицияда көлемді экспонаттар, ежелгі мыс балқыту пешінің жұмыс істейтін үлгісі, материалдық, мәдени-тұрмыстық этнографияны сипаттайтын мыңдаған сирек, бағалы жәдігерлер жинақталған.

Мұражайда сондай-ақ, қазақ елінің мемлекеттік тарихын, бостандығы мен егемендігі, бірлігі үшін болған күрес жолдарын, қазақ тарихының шындығын баяндайтын тақырыптық стенділер, кеңейтілген экспозициялар да бар.

1994 жылы 3 қарашада Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев мұражайда арнайы болып, оның ролі мен маңызына жоғары баға берген еді. Өйткені, бұл мұражай өз саласы бойынша Қазақстанда ғана емес, Орта Азия мемлекеттерінде тұңғыш рухани орталық болып есептеледі.

Салтанатты шара

20150731-04-1-3Міне, аймағымыздағы кен өндірісінің кешегісі мен бүгінгісінен кең мағлұмат беретін тарихи-мәдени кешенге оны ұйымдастырушы Жезді, Ұлытау аудандарының, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған Университетінің Құрметті профессоры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Ұлы Отан соғысының, Сталинград қорғанысының қайраткері Мәкен Төрегелдиннің есімі берілді. Бұл шара Қазақстан Үкіметінің 2015 жылғы 16 ақпандағы №6 Қаулысы негізінде жүзеге асырылды. Оған негізінен Ұлытау ауданының әкімдігі мен Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мұрындық болды.

Тұлғаның есімін беру салтанаты өткен аптада Жезді кентінде өтті. Салтанатты шараға Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар, Жезқазған қаласы мәслихатының хатшысы Советбек Медебаев бастаған зиялы қауым өкілдері, Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институттың ғалымдары, облыстық мұрағат, мұражай мамандары, ардагерлер мен мәдениет, руханиат саласының танымал өкілдері қатысты.

Салтанатты жиынды Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Берік Ақышбеков ашып, жүргізіп отырды. Берік Базылұлы өз сөзінде бүгінгі шараның мәні мен маңызы, дара тұлға Мәкен Төрегелдиннің еңбегі мен өмір жолдары жайлы баяндай келіп, бұл шараның облыстың мәдени өміріндегі ерекше оқиға екеніне тоқталды.

– Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Ұлытау ауданының әкімдігі, ауданымыздың зиялы қауымы осы мәселені көтеріп, құзырлы орындарға сұраныс жасаған еді. Міне, елдің сол тілегі қабыл болып, бүгін арманымыз орындалып отыр. Қуанышымыз құтты болсын, – деп әңгімесін түйіндей келген аудан әкімінің орынбасары сөз кезегін ауданмен қоңсылас жатқан кенді шаһар – Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омарға берді.

– Бүгін сіздер мен біздер келешекке үлкен үлгі боларлық істің куәсі болып отырмыз. Елім деп, жерім деп жарғақ құлағы жастыққа тимей өткен тұлғаны дәріптеп, оның есімін мәңгі есте қалдыру – үлкен сауапты іс. Екінші жағынан, оның тағылымдық тұстары да айрықша, – деп бастаған Әнуар Омар кешегі отты жылдар мен алмағайып тұстардағы Жездінің кен орындары мен жезділіктердің ерен еңбегін, соны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді мұрат тұтқан тұлға Мәкен Төрегелдиннің тынымсыз істерін тілге тиек етті. Сөз соңында Әнуар Серікбайұлы мұражайдың бүгінгі директоры, Мәкен ағаның зайыбы Зейпін Қазанбаеваға сәтбаевтықтардың шынайы сезімі іспетті Құттықтау хат пен мұражайға жәдігер ретінде сый-таралғылар тарту етті.

Салтанатты жиында сондай-ақ, ЖезУ-дің профессоры Тойымбек Бірімжанов, «Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директорының әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары Тоғызбай Тәжбенов, ҚР Құрметті энергетигі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Яхия Асатов, Жезқазған қаласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайдың директоры Кенжал Балкенов, еңбек ардагері Жетпіс Жауқасынов, Мәкен Төрегелдиннің ұлы Серік Төрегелдин, Мәкеңнің замандасы Қадыр Үңгітбаев сөз сөйлеп, мұражайдың рөлі мен оны құрудағы Мәкен Төрегелдиннің еңбектері жайлы кеңінен толғады.

Салтанатты жиыннан соң жаңа атауға ие болған Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының лентасы қиылды. Лента қию құрметіне Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар, Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы Советбек Медебаев және Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Берік Ақышбеков ие болды.

Көрсетері мол көрме

Лентасы қиылған Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы жиналған жұртшылыққа есігін айқара ашты. Мұнда көпшілік Қарағанды облыстық өлкетану мұражайының «Сарыарқа – дала өркениетінің алтын бесігі» деген тақырыптағы көрмені тамашалады. Көрменің ең басты жәдігері – Қазақстан бойынша төртінші болып табылған «Алтын адам» болды. Ертесақ дәуірінің Алтын адамы мен ежелгі дала өркениетінің қазына жәдігерлерін қамтитын көрменің көрермендерге көрсетері мол болды.

Жалпы, бұл көрме Қазақстан халқының материалдық және рухани мұрасын танытуға, облыстағы мұражайлар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға негізделген.

Көрмеде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы негізіндегі археологиялық экспедиция бойынша табылған археологиялық мұражайлық жәдігерлер кең орын алған. Бұл жерде біздің заманымызға дейінгі VІІ-VІ ғасырлардағы сақ жауынгерінің бейнесі қойылған. Бұл жәдігер Қарқаралы ауданының Талды-2 қорымынан табылған. Ерте темір дәуіріне жатады.

Көрмеде көне жауынгерлік құрал-жабдықтар, сауыттар мен ат әбзелдері, тұрмыстық, мәдени заттар әшекей бұйымдар да орын тепкен. Әсіресе, кешегі Қоянды деп аталған жәрмеңкенің жәдігерлері көрермендерін еріксіз баурап алады. Көрмеге сондай-ақ, 30 жылдардағы кенші құралдары да қойылған.

Өткен өркениеттер мен мәдениеттердің куәсіндей болған жәдігерлер осылайша бір-бірімен үндесіп, ежелгі мәдениет пен этностар өзара тығыз байланысып бүгінгімен бірігіп жатыр. Көрсетері мол көрме осындай құндылықтарымен елдің есінде қалардай болды.

Ғылыми кеңес

Осындай айшықты шаралармен астаса өткен салтанатты жиын соңында Мәкен Төрегелдиннің рухана құран оқылып, ас берілді. Бұдан соң жиын Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мұражайлар және мұрағаттар қызметтерін үйлестіру жөніндегі ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысына ұласты. «Мәңгілік ел» идеясын орнықтыруда аймақ мұражайларының алатын орны: тәжірибелер мен перспективалар»  деген тақырыпта өткен кеңесті Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қызметкері Қадір Әкешов ашып, жүргізіп отырды.

Кеңесте өлкетанушы, жоғары дәрежедегі археограф, публицист Сағындық Қожамсейітов, «Мәкен Төрегелдинның музей құрудағы ерекше көзқарасы және жаңашылдығы» деген тақырыпта, тарих ғылымдарының кандидаты, Ә.Марғұлан атындағы ар­хе­ологиялық институттың қыз­меткері, археолог Ольга Артюхова «Тас ғасырындағы Талдысай ескерткіштері» де­ген тақырыпта, Қ.Сәтбаев атын­­дағы тарихи-өндірістік мұ­­ра­жайдың директоры, ха­лық­аралық «Шыңғысхан» ака­д­­­е­миясының құрметті ака­демигі Кенжал Балкенов «Тұл­ғатану және мұражай ісі» деген тақырыпта, археолог Л. Сембинова «Ұлытау аймағындағы қазақ хандығы кезеңінің ескерткіштері: зерт­телуі, насихатталуы» деген та­қырыпта, Жезқазған тарихи-археологиялық мұражай ди­рек­торының орынбасары Р.Қа­­па­рова «Халық тарих тол­қынында» музей жобалары Мәң­гілік ел жалпыхалықтық идея­­сының негізі іспеттес» деген тақырыпта баяндама жасады.

Кеңеске қатысушылар баян­­дамалар бойынша жарыссөзге шығып, өз ойларын айтып, ұсыныстарын білдірді.

Түйін

Тұлғаны ұлықтап, есімін мәңгі есте қалдыруға арналған шара екі күнге созылды. Алқалы жиындардан соң шараға арнайы шақырылған облыстық мұражайлардың директорлары мен қызметкерлері, жер­гілікті өлкетанушылар, археолог-ғалымдар Ұлытау аймағындағы қазақ елі мен ұлысы және қазақ хандығы тарихына қатысты киелі орындар мен тарихи ескерткіштерге саяхат жасады. Олар алғашқы күні Алашахан, Жошыхан, Домбауыл кесенелерінде болып, тарихи орындарды көрсе, келесі күні Ембұлақ пен Әулие­тауда болып, аруақты орындарға тәу етіп, Хан ордасын тамашалады. Қонақтар осылайша рухани тұрғыда тынығып, қуат алып тарқасты.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.