Әйелдер белсене кірісті

Қала әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысын комиссия төрайымы, қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева өткізді.Алдымен сөз Қазақстан әйелдері І съезінің делегаты Қ.Махамбетоваға берілді.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұйытқы болуымен өткен тұңғыш әйелдер съезінен алған әсерімен бөліскен Қарлығаш Мәмедқызы, құрылтайдың басты мақсаты жайлы әңгімелеп, мемлекеттік гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты дамытуда жергілікті комиссия да өз үлесін қосу керектігін атап өтті.

Күн тәртібіндегі келесі сұрақ, яғни «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Ана мен бала» 20 саябағы» республикалық акциясын өткізу туралы қала әкімінің кеңесшісі А.Әбдуалиева хабарлады.

–          «Ана мен бала» аллеясын орнату жобасына кірген 20 қаланың ішінде біздің Сәтбаев қаласы да бар. Осы жоба аясында ең үздік жұмысқа (сурет) байқау жарияланады. Мақсатымыз – 20 саябақты әрі қалаға көрік беретін, әрі ана мен бала демалатын орынға айналдыру, – деді А.Әбдуалиева.

–          Бұл саябақтарды қай жерлерден ашу керектігін жоспарлап, оған сәулеттендіру, құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, тағы да басқа қатысты деген бөлімдерді жұмылдырамыз. Наурыз мейрамынан соң жұмысты бастап кету керек, – деп толықтырды Марал Сағынайқызы.

Комиссия отырысында одан әрі «Сәтбаев қаласы ішкі істер бөлімінің «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңын іске асыру механизмдерін әзірлеу жөніндегі жүргізген жұмысы туралы», «Білім ұйымдарында жүргізіліп жатқан балалар мен жастарды адамгершілік-жыныстық тәрбиелеу жөніндегі жұмыс туралы», «Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларды қорғау жөніндегі дағдарыстық орталық құру туралы» мәселелер қаралды. Соңғы сұраққа орай, Сәтбаев қаласы ішкі саясат бөлімінің бастығы К.Сағындықованың мәліметі тыңдалды.

–          Қаламызда дағдарыстық орталық ашу мәселесі көптен көтеріліп келеді. Орталықты қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан ашып, үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде осы үшін 750 мың теңге бөлініп, конкурс жарияланды. Бәрі де тапсырысты орындаушыға байланысты. Қалай болғанда да сәуір айында орталықты ашу көзделіп отыр, – деді Кәуһар Әлмағанбетқызы.

Отырысты қорытындылаған комиссия төрайымы, Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Елбасының ана мен бала тағдырына, гендерлік саясатқа үлкен мән беріп келе жатқанын атап өтті.

Отбасының ғана емес, мемлекеттің тірегіне айналып отырған әйелдер алдағы өтетін Президенттің кезектен тыс сайлауында да белсенділік танытуға тиіс.

Майра Смағұлқызы, комиссия мүшесі.

Комментарии закрыты.