«Отыз жылдық тойымызға тарту»

20150731-12-1Биылғы жылы шағын қалаларды дамыту бағдарламасының аясында шаһарымызда күрделі жөндеуден өтіп жатқан жалғыз Абай атындағы №4 мектеп-лицейдегі жұмыс қарқынымен танысу мақсатында іргелі білім ошағына арнайы бас сұққан едік.

Білім ошағының басшысы Гүлмира Жаппасова құшақ жая қарсы алып, бізді бірден атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды.

– Өздеріңіз көріп тұрғандай «Молдашев» жеке кәсіпкерлігіне қарасты «Құрылыс» ЖШС-ның 28 жұмысшысы мектептің кеңес дәуіріндегі бетон қоршауларын заманауи үлгідегі темір қоршауларға ауыстыруда. Мектептің айналасын асфальттау, плиткалау жұмыстары да кестеге сай жүргізілуде. Пластикалық терезе орнату жұмыстары да қолға алынып жатыр. Спорт және акт залдарының едендері де жаңартылу үстінде. Мердігер компанияның жұмыскерлері қызу қарқынмен жұмыс жасауда.

Келер жылы іргелі білім ошағының отыз жылдық мерейтойы. Осы торқалы той қарсаңында мектебіміздің күрделі жөндеуден өтіп, жаңа келбетке ие болуы ұстаздар қауымы үшін де, оқушылар үшін де зор қуаныш әрі мол тарту болғалы тұр, – дейді мектеп басшысы.

Жүзден аса ұлағатты ұстазы, мыңнан аса шәкірті бар ұлы Абай атамыздың есімін иеленген, білім сапасы мен техникалық базасының мықтылығы тек қала, облыс көлемінде ғана емес, республикаға тараған оқу ордасының жаңартылу жұмыстарына республикалық қазынадан 53 миллион 325 мың теңге, ал, қалалық бюджеттен 71 миллион 196 мың теңге бөлінген.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.