Көңілді күндер жалғасуда

20150731-12-4Жаз айлары – балалардың толыққанды демалып, денсаулығын нығайтып, жаңа оқу жылын тың күшпен бастаулары үшін қолайлы уақыт. Жаз – оқушылардың асыға күтетін мезгілі.

Балалардың бос уақытын көңілді өткізу мақсатында №5 жалпы орта білім беретін мектебінің жанынан ашылған «Балдырған» жазғы сауықтыру лагерінің 2 ауысымы салтанатты түрде ашылып, жұмыс істейді. Лагерьге келген демалушыларды күнделікті мектеп медбибісі А.Балтабаева қарсы алып, денсаулықтарын тексеріп, олармен сауықтыру шараларын жүргізеді. Жазғы лагерьде балалардың сапалы тамақтануы да назардан тыс қалмайды. Тәрбиешілер әр күнге белгіленген түрлі мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып, балғындардың демалысы қызыққа, қуанышқа толы болуына бар күш-жігерлерін аямай жұмсады.

Бір мезгіл балалар сурет салып, тақпақ жаттап, ән салады. Күнде жоспар бойынша таңертеңгілік жаттығулар, ертеңгіліктер, сайыстар өткізіледі. «Қазақстан – есірткісіз болашақ үшін!», «Жаз қандай керемет!», «Бақытты балалық шақ» атты асфальтта сурет салу байқауы, «Көңілді старт», «Лагерь аруы», «Ертегілер елінде», «Ұлтымның ұланымын», «Екі жұлдыз», «Мен елімді сүйемін» атты патриоттық әндер сайыстары ұйымдастарылды. Осылайша лагерьдің әр күні мәнді де сәнді өтіп жатыр. Сапалы да, тиімді лагерь жұмысы балаларға қуаныш сыйлаумен қатар, олардың мектепке қызығушылығын арттыра түскендей болды.

Әр күндері мерекеге толы өткен демалушылар, енді жаңа оқу жылына тың серпіліспен баратыны анық.

Ақмарал Байгенжина, сауықтыру алаңының тәрбиешісі.

Комментарии закрыты.