Жұмыссыздық һәм жалған намыс

«Қазіргі уақытта «жұмыс жоқ» деп айту жалған. Жұмыс бар. Әсіресе маусымдық жұмыс жылдың қай мезгілінде болмасын табылады. Мәселе басқада. Біз сол маусымдық жұмысты істегіміз келеді ме?! Жоқ. Біз ондай «қара жұмысқа» барғымыз келмейді. Жалған намыс бізді ондайға жібермейді. Міне, шындық осында жатыр». Қала әкімі Әнуар Омардың кеңейтілген аппарат жиынында сөйлеген сөзін тақырыпқа тұздық болсын дедік. Біз жәудіркөздің жанай­қайына айналған жұмыссыздық пен шарасыз­дық жайын сөз етіп көрейік дедік. Түйт­кілді тақырыптың түбегейлі түйінін тар­қатпасақ та, септігі тиер жайларға тоқ­тағанды жөн санадық.

 

Жаһанды жайлаған мәселе

Жұмыссыздық деңгейі әрбір елдің әл-ауқатын, өсіп-өркендеуі мен өнді­рістік қуатын айғақтайды. Бүгінгі кәрі­құрлықта жаппай белең алған жұмыссыздық төрткүл дүниені титықтатып бітті. Жұмыр жерде орташа есеппен жиырма миллионнан астам жан жұмыссыз жүр екен. Ал, Қазақстанда статистика агенттігінің хабарлауынша жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайызды құ­райды. Қалалық жұмыспен қам­ту және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімінің мәліметіне қарағанда кеншілер қаласында 2647 адам жұмысқа орналасу мәселесі бойынша хабарласыпты. Бір қуанарлығы, олардың 1746-сы тұрақты жұмысқа тартылған. Бүгінгі күні 571 адам ғана жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Әрине, шынайы есеп болса қуанарлық жайт.

Жалпы, Қазақстанда жұ­мыспен қам­тылғандар кімдер? Заң бойынша жұ­мыспен қамтылған азаматтардың са­­на­­­­т­ына мемлекеттік қыз­мет­керлерден бас­тап, жеке шаруамен айналысатындар, тіпті кез келген ақы төленетін (мер­зімі белгі­сіз) жұмыс істейтіндер кі­реді. Демек, базар­да арба сүйреген пақырдан, парламентте отырған депутат­қа дейін түгел жұмыспен қам­тылғандар болып­ табылады.

Сонымен, қалалық жұ­мыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған жұмыс­сыз­дардың басым бөлігі заң­гер, қаржыгер, тау-кен саласының маманы сын­­ды мамандық иелері. Ал, жұмыс берушілерге жо­ғары білімді дәрігерлер, мұ­ғалімдер, слесарь-сан­тех­­­никтер, электрмен дәне­керлеушілер, «Д» категориялы жүргізушілер, психологтар қажет.

Әрине, жағдай солай болды деп орталықтағылар да қол қусырып қарап отырмаған сыңайлы. Олар жұмыссыздарды жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін уақытша жұмыс орындарын ашу мен қайыра оқытуды ұйымдастыруда. Осы ба­ғыт­та 419 адам уақытша жұ­мыстарға жіберіліп, оның ішінде 393-і – қоғамдық, 39-ы әлеуметтік жұмыстарға тартылған. 42 жас маман жас­тар тәжірибесі бойынша нәпақа тауып жүр. Жыл ішінде 118 адам «1С есепші», «іс жүргізуші», «шаш­тараз», «тігінші», «В, С ка­те­гориялы жүргізуші», «ас­паз», «тоқ жөндеуші», «са­­тушы», «дәнекерлеуші» ма­ман­­дықтары бойынша қайыра дайындаудан өт­ті. Қалада жаһанды жай­лаған жұмыссыздықпен осы­лай күрес жүргізіліп жа­тыр. Солай екен деп жұ­мыссыздықты түбегейлі шешіп тастадық деуден аулақпын. Жұмыс жоқ деуге де болмайды. Ынтасы бар, шын ниетімен жұмыс істе­гісі келетін адамға жұмыс бүгінде табылады. Ендігі әңгіме осы төңіректе өрбімек.

 

Жұмыс бар, жұмысшы жоқ

Бұл әшейін айтылып отырған сөз емес. Бүгінде екі қолға бір күрек қайдан да болса табылады. Гәп басқада. Біз сол күректі ұстауға құлықтымыз ба?

Несін жасырайық, бүгінде жұмыссыздық пен рухсыздық деген екі кесел біздің бойымызды жайлап алған. Осындайда «елге тіл тигізбе, керемет болсаң жұмыс тауып берші» дейтіндердің де табылатыны жасырын емес. Соларды қолдарынан жетелеп апарып есігінің алдынан су сарылдап ағып жатса да не бір түп ағаш, не бір уыс жуа екпейтін, ен далада отырып алдындағы он қойын уақытылы төлдетіп, өсіре алмайтын, өзі соқталдай болса да үйі сиыр сүйкенсе құлап кеткелі тұрған жандарды көрсеткің келеді. Бұл ауылдағылардың жайы. Ал қалада ше? Не қолдан келетін кәсіп жоқ, не бар жұмысты істейтін құлық жоқ көп азамат қол қусырып бос жүр. Неге?

Біз осы сауалды қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшыларына да қойдық. Олардың айтатыны, біз уақытша жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыс орындарын ашып жатырмыз. Бұл жұмыстарға қомақты қаржы да бөлінуде. Бірақ, соны істейтін азаматтар жоқ. Олар бізден оқыған мамандықтарына, дипломдарына сай қызмет сұрайды. Бәріне бірдей креслоны қайдан тауып берейік дегенге саяды.

Рас қой. Бәріне бірдей қызмет қайдан табылсын? Ал, қоғамдық жұмысты қорсынады. Кеше біз сол қоғамдық жұмысты тегін істемеп пе едік. Бүгін бәрі ақылы. Ең төменгі айлық деңгейінде ақша төленеді сол жұмыстарға. Ендеше неге отбасы бюджетіне үлес қоспасқа.

Жұмыстың бар екенін қала әкімі де айтып отыр емес пе. Расында да, бүгінде маусымдық жұмыс деген жылдың қай мезгілінде болсын табылады. Қазір қалада құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Қара жұмыскерден тас қалаушыға дейінгі жұмыс табылады сол жерден. Қолыңнан тас қалау келмесе лай араластыр, кірпіш тасы, тас төсе. Бәріне ақша төленеді. Өкінішке орай, бұл жұмыстары сырттан келген жалданбалы жұмыскерлер білектерін сыбанып атқарып жатыр. Ал, қаладағы тепсе темір үзетін азаматтар сенделіп бос жүр.

Жасыратыны жоқ, бұл жұмыстардың өзі бұл күнде қолға түсе бермейді. Жұмыс берушілер арзан жұмыс күші деп мұндай жұмыстарға сырт елдерден келген жалданбалы жұмыскерлерді тартады. Өйткені, оларға аз ақша төлегенді лайық көреді. Осы жерде жергілікті билік пен жұмыспен қамту орталығы жанды жұмыс істеп, маусымдық жұмыстардың өзіне қандай мамандықтар бойынша қанша жұмыс күші керектігін тіркеп, оған қаладағы жұмыссыз жүрген жандарды жіберуге күш салса ғой.

 

Қаржы сыртқа кетпесін

Бүгінгі күні базарларымыз бен құрылыс саласын шетелден келген «гастарбайтерлерсіз» елестете алмайтын күйге жеттік. Әманда алғашқы болуды көздейтін Қазақстан келімсектерді көп қабылдайтын он елдің қатарына еніп үлгерді. Мигранттар көшін көршілес өз ағамыз өзбектер бастаса, қалғандары Қырғызстан, Тәжікстан, Орта Азияның тағы басқа елдер­інен келгендер екен.

Жасыратыны жоқ, небір ұлттың өкілдерінен тұратын «қолғабыс» қонақтар ата қонысымыздың түкпір-түкпірін шарлап жүр. Басым бөлігі еліміздің екі мегап­о­лисі – Астана мен Алматы қалаларында қалтасын қалыңдатса, аяғы жеткені ауылда үй сылап, ақысын алуда. Алысқа бармай-ақ, өз қаламыздағы құрылыс жұмыстарында қаншама жалданбалы жұмыс күшінің жүргенін айтсақ та жетіп жатыр. Осы тұста өзбек ұстаған қа­лақ­ты қазақ ұстаса, қолынан түсіп қала ма дейсіз? Жұ­мыс таппай­, жанұшырған қандасты көр­­генде «келгімбайлар» көсеге­мізді көгерте ме деп ойланасыз. Жоғарыдағы жұмыссыз­ жастары­мызға қарап қайран қаласыз ба, жылайсыз ба? Оны өзіңіз білесіз. Ал біздің білгеніміз жылдық ішкі өнімнің 30 пайыздан астамы келімсектердің еншісінде­ кетеді екен. Сол гастарбай­терлердің қалта­сында кеткен 50-60 мың (бұл бер жағы ғана) теңге қазаққа тисе, қалтасынан түсіп қалады ма? Миллиондаған қаржы сыртқа кетіп жатыр. Одан қала бюджетіне бір тиын да түспейді. Сол ақшаны өзіміз бір қалтадан алып, екінші қалтаға неге салмасқа?! Аузы­мыздан жырып, өзгені жарылқағанша, өзіміздің қара­көздердің қамын ойласақ қайтеді дегіңіз келеді кейбір жұмыс беруші мердігер компания басшыларына. Қара жұмысты қомсынып, дара жұмысты іздеп жүрген қандастарымызға да осыны айтқымыз келеді. Жұмыссыздықты жалған намыс шешпейтінін ескерейік, ағайын.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.