Өндірісті өркендеткен

Ол бала жасынан құрылысшы болуды армандады. «Зәулім сарайлар салып, ғимараттар безендірудің қас шебері болсам» деген жас жігіттің арманы бүгінде оны құрметті құрылысшы дәрежесіне көтеріп отыр.

Қойнауында жез балқыған Жезді кентінде 1962 жылы туып-өскен Темірхан Әб­ді­ровтің есімі сәтбаевтық қалың көпшіліктің құлағына шалына қалса, «Тәкең өте сырбаз әрі өз ісіне берілген нағыз құрылысшы ғой» деген сыңайдағы сөздерді еститініңіз хақ. Әрине, мұндай жылы лебізді халық бекер айтпасы тағы анық.

Темірхан Әбжәмелұлы 1984 жылы Қарағанды политехникалық институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған соң, жолдамамен кенді қаладағы «Қазмысқұрылыс» тресінің Жезқазған өңірі бойынша арнайы басқармасына жұмысқа жіберілген.

Сонда еңбек жолын 4-санаттағы тас қалаушы-ор­натушы болып бастаған жас маман 1987 жылы құрылыс-орнату жұмыстарының шебері болып тағайындалды. Білімі мен іскерлік қабілетін көрсете білгендігінің арқасы болса керекті, басшылық тарапы оған 1990 жылы құрылыс шебері, кейін «Қазмысқұрылыс» тресі өндіріс-техникалық бөлімінің басшысы лауазымын сеніп тапсырды.

Ал, 1998-2007 жылдар аралығында қаламыздағы жөн­деу-құрылысы басқармасы мен «Қазақмыс» Корпорациясы» АҚ басқарушы қызметтерінде де жемісті еңбек етті. Осы уақыт ішінде Тәкең шаһар аумағында орналасқан «Анненск», №72, 73, 74, 75 шахталардың сондайақ, Қарсақбай мыс қо­рыту зауытының екінші кезеңін қайта құру ісіне, Батыс Сарыоба, Қумола, Асбест таукен байыту комбинатының, Итауыз, Қыпшақбай, Қарашошақ, Жартас карьерлерінің инфрақұрылымының жақсаруына, «Жомарт» кеніші мен бірнеше әлеуметтік ма­ңызды нысандардың құрылыс жұмыстарына белсене қатысып, басшылық та жасады.

Білікті маман 2007 жылдан бастап 2010 жылға дейін «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ-не қарасты күрделі құ­ры­лыс басқармасы өнер­кәсіпазаматтық құрылыс бағытындағы қүрделі құрылыс бөлімі басшысының орынбасары лауазымын лайықты атқарды. Екі жыл, 2010-2012 жылдары, корпо­рацияның инвестициялық жобалау және кіші жобалар басқар­масында, сонымен қатар, «Балқаштүстімет» ӨБ металлургиялық кешені нысандарының ресурстарын тиімді пайдалану және қорғау» бағдарламасына, «Жезқазғантүстімет» ӨБ-не қарасты қоймаларды қайта құру» жобасына басшылық жасады.

Өндірісті өркендеткен жезділік құрылысшы 2012 жылы «Қа­зақмыс» корпорациясының Жезқазған аймағы бойынша «Казцентрстрой» және «Рудстрой» ҚБ басшылығында, кейін, осы ұйымның өндіріс бойынша директоры болып қызмет етуде.

Отыз жылдық жұмыс тәжірибесінде Темірхан Әбжәмелұлы жас мамандардан да құрылыс саласының «мүйізі қарағайдай» шеберлерін, тіпті, басшылық қызметке лайықты азаматтар тәрбиелей білді.

Ұжымында беделге ие Темірхан Әбдіров өзінің білімін де, іскерлік қабілетін де қос қаланың әлеуметтік дамуына арнап келе жатқан ардақты азамат.

Сөзден гөрі істің нәтижелі болуын жаны сүйетін Тәкең бүгінде жан-жары Балымай екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, өсіріп, олардан тараған немерелердің тәтті қылығын қызықтап, жұ­мыс­тан шаршап келгенде маң­дайларынан иіскеп, мауқын басады.

«Мамандыққа – адалдық қажет» дейтін Тәкең жас буын құрылысшылардың тәлімгеріне айналды. Өндірісті өркендеткен құрылысшының еселі еңбегі қандай құрметке болса да лайықты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.