Жасампаз істі

Қаламызда күн сайын бой көтеріп келе жатқан әсем де әдемі ғимараттарда қаншама құрылысшының есепсіз еңбегі жатыр. Осы бір құмырсқадай қыбырлаған бейнетқор жандар адамдарға жылылық пен бақыт сыйлаудан жалыққан емес. Олардың қолынан шыққан ғимараттар көз сүйсінтеді, қала көркіне көрік қосады. Осы салада жиырма жылдан астам тер төккен кәсіпкер Әбутәліп Еңсебаевтың құрылысы үстіміздегі жылдың сәуір айында басталып, қала орталығында бой көтерген «Ұлытау» сауда-ойын-сауық орталығының сәнді ғимараттар қатарын толықтырарына сенімі мол.

Сәтбаев қаласында туып-өскен кәсіпкер аталмыш салаға шындап 1989 жылдан бастап бет бұрды. Алғашқы жұмысын қаланың батыс ауданында өзіне үй салудан бастады. Содан тоқтаған жоқ. Тырнақалды туындылары қатарында кезінде сол ауданда тапсырыспен салған он үйдің тізімі бар. Іргетасын өзі қолымен қалаған «Алтын орда», «Ханзада» мейрамханалары мен «Халал» дәмханасы, бірнеше азық-түлік дүкендері мен қонақ үйі бүгінде халық игілігі үшін қызмет етуде.

Бұрын ескі үйдің жертөлесі ғана тұрған орын бірнеше рет сатылып, қолдан қолға көшіп, сол беті бос жатқан болатын. Кәсіпкер Әбутәліп Еңсебаевтың қолына түсісімен жұмыс жанданып жүре берді. Болашақта тұрғындар мен қонақтардың сүйікті демалыс орнына айналатын, Сәтбаевтағы ең үлкен орталық болып табылатын «Ұлытау» сауда-ойын-сауық орталығының жалпы ауданы 4 мың шаршы метрді құрайды. Бірегей дизайн бойынша тұрғызылып жатқан қазіргі заманға сай орталық қаладағы басқа да көркем ғимараттармен жарасым тауып, көрші қалалармен байланыстыратын буынға айналмақ. Ол өңіріміздегі ең үлкен демалыс орталығы болмақ.

– Мега жобаларының барлығын француз компаниясы әзірлеген. Оның бүкіл дүние жүзінде сауда-ойын-сауық орталықтарын жобалау ісінде отыз жылдық тәжірибесі бар. Сондықтан, осы жобаның ізімен жүріп, өз елінің патриот ұлы ретінде жастар мен балаларға, ата-аналарға бос уақытын қызықты өткізетін демалыс орнын сыйлауды жөн санадым. Мұнда отбасымен демалу үшін қажеттінің бәрі болады, – деген орталық директоры әңгімесін әрі қарай жалғастырды. – Фильмдерді үш өлшемді (ЗД) көріністе көрсетуге мүмкіндік беретін кинотеатр, караоке, бильярд залдары, ТМД аумағында балалар ойын-сауығы саласындағы көшбасшысы болып табылатын барлық жастағы балаларға арналған аттракциондар мен ойын автоматтарының кең ауқымын ұсынатын парк, 150 адамға шақталған «мейрамханалық аула», фудкорт, түрлі фастфуд кафелері өз қызметін кеңінен ұсынады. Астыңғы бірінші, екінші қабаттарда тұрмыстық техниканың ірі желілерінің супермаркеті орналастырылып, әйгілі әлемдік және ресейлік брендтерді ұсынбақ. Сауда орындарын жалға алғысы келетіндерден қазірдің өзінде өтініш түсіп жатыр. Үшінші қабат тек қана балаларға қызмет етеді.

Құрылыс, әрлеу-сырлау жұмыс­тарын жергілікті «Қазмысқұрылыс» тресінің жұмыс­шылары жүргізіп, Ресей мен Түркияның сапалы материалдары пайдаланылуда. Оның ішінде басым бөлігін өзіміздің өнімдер құрайды.

– Ғимараттың сүйегін жергілікті құрылысшылар құрастырып, биіктігі мен көлемін өлшеп, арматурасын дәлме-дәл кесіп, соны пайдалана отырып, бетон ертіндісін қалыпқа құйып, қажетті құм шикізаттарын жеткізді. Есік-терезе мен еденге қажетті материалдар жергілікті ағаш өңдеу цехында жасалды. Іргетас, темір, төселінетін плита, жиектастар, сыртқы дарбазалар секілді әртүрлі үлгідегі бұйымдар өзімізде де шығарылатындықтан, алысқа барып әуре болғанымыз жоқ. Өңірімізде құрылысқа керектінің бәрі бар ғой және олардың сапасы да айтарлықтай. Ішкі жұмыстар аяқталғаннан кейін сыртқы абаттандыру жұмыстары басталады. Көгалдандырылып, плиталар төселінеді, – дейді жасампаз істі жайнатқан Әбутәліп Өтеғалиұлы.

Қала әкімдігі тарапынан қолдауға ие болған жобаға қолайлы инвестициялық жағдай жасалып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қаржыландырылып, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысы жандана түсуде.

– «Ұлытау» – тек бизнес жоба ғана емес, ол маңызды әлеуметтік функция атқарады. Жаңа жерде жүзден аса жұмыс орны құрылмақ. Ал, бюджетке түсетін жыл сайынғы салықтық аударымдар қомақты соманы құрайды, – дейді кешен басшысы.

Сәтбаев «Ұлытау» Мега пайда болған Қазақстанның санаулы қалаларының қатарына үстіміздегі жылдың желтоқсан айында қосылып, көрнекі орындар тізімінде өзіне лайықты орын алмақ. Мұнда үйлену тойының салтанатты шерулері тамашаланып, балаларға арналған мерекелер өткізіледі. Құрметті меймандар да осы жерден табылып, орта есеппен күн сайын бес жүз адамға дейін қабылданады. Демалыс күндері бұл сан екі есе көбейеді.

Сөзі мен ісі алшақ емес орталық директоры Әбутәліп Өтеғалиұлы Астана мен Алматы қалаларындағыдай сауда-ойын-сауық орталығының бізде де болатындығын, Сәтбаев секілді серпінді дамып келе жатқан бүгінгі заман қаласы үшін айрықша қажеттігін жеткізді. Айтуынша, бұл жобада бұрыннан бар Мега орталықтарындағы үздік элементтердің барлығы біріктірілген. Көзге анағұрлым ауқымды көрінетін демалыс орнының Сәтбаев тұрғындарының ғана емес, көршілес қалалардан келетін демалушылар арасында танымал болатыны сөзсіз.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.