Турнир аяқталды

20150807-12-4Спорт-сауықтыру кешенінің футбол аренасын бір ай бойы дүбірге бөлеген «Жазғы демалыс-2015» футбол турнирі өз мәресіне келіп жетті. 2000-2006 жылы туылған және одан кіші жасөспірімдер арасындағы қалалық дода өткен жұмада салтанатты түрде жабылды.

Жарыс нәтижесінде 2000-2003 жылы туылған жасөспірімдер арасында «МЖК» үшінші, «Тұлпар» екінші орындарды иеленсе, жетінші шағын аудан атынан шыққан «Монолит» командасы бірінші орынды жеңіп алды.

– Көптен бері қалыптасқан игі дәстүрдің биыл да жалғасын тапқаны қуантады. Осы жазды өте көңілді әрі қызықты өткіздік. Футболмен кішкене кезімізден айналысамыз. Жеті жыл бойы жеңіс туын ешкімге бергеніміз жоқ. Биылғы кездесуде он екі команданың арасында жеңімпаз атанып, турнирдің арнайы кубогын иелендік, – дейді «Монолит» командасының капитаны Дамир Барысов.

Ал, 2003-2000 жылғы кіші жасөспірімдер арасында «Барыс» төртінші, «Астана» үшінші, «Арлан» екінші орындарды місе тұтса, бірінші орынды иеленген «Сарыарқа» командасына арнайы кубок тапсырылды.

Турнирде көзге түсіп, үздік ойын өрнегін көрсеткен Бексұлтан Рахметолла «Үздік қақпашы», Саламат Сламбек «Үздік бомбардир», Тұяқ Мукс «Үздік қорғаушы», Қанағат Мыңбаев «Үздік ойыншы», Әли Әбілғазы «Үздік шабуылшы» номинацияларына лайық деп табылды.

Ойын барысында ешкімге дес бермеген Темірлан Қалиасқаров, Мадияр, Данияр Сексенбаевтар, Назарбек Уәлихан, Ерболат Ержан, Ислам Құдайбергенов жарыстың тартымды өтуіне зор үлесін қосты. Жүлдегерлердің барлығына спорт бөлімінің Мақтау қағазы мен сыйлығы табыс етілді.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.