Жаурыны жерге тимеген

20150814-03-2Он жеті жасар Дияс Әшімовтің дзюдо күресімен айналысқанына жеті жылдың жүзі болыпты. Жаттықтырушысы Кенжезәру Қашқыновадан осы спорт түрінің әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген Дияс бүгінде байрақты бәсекелерде топ жарып жүр. Жаурыны жерге тимеген Дияспен спортшылардың төл мерекесі қарсаңында жолығып, әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Дияс, есте қалған ең ірі жеңісің қандай?

– Былтыр Қарағанды қаласында өткен облыстық біріншілікте елу келі салмақта бірінші орын алып, алтын алқа олжаладым. Бұл жүлде мен үшін өте ыстық. Оның себебі де жоқ емес. Біріншіден, өңіріміздегі дзюдошылар қауымының еңсесін бір көтеріп тастадым. Екіншіден, спорттың осы бір бекзат тү­рінен жеңіске жеткен, тұрақты ай­налысып жүрген жастардың өсіп келе жатқандығын таныттым. Кей­і­ннен, Атырау қаласында өт­кен біріншілікте екінші орынды еншілеп, күміске медальге ие болдым. Биылғы жылы Қарағанды облысының біріншілігінде жә­не Орал қаласындағы ҚР чемпи­онатында елу бес келіде бірінші орынды жеңіп алдым. Жалпы, қай медаль болмасын, әрқайсысының артында талай жылғы еңбек, шелектеп төгілген тер мен спорттағы соқтықпалы, соқпақсыз жолдар жатады ғой…

– Дұрыс айтасың. Айтпақшы, спортқа келуіңе кім әсер етті?

– Мен Сәтбаев қаласының тумасымын. Бұл өңір Батырлан Өмірзақов, Архат Рақымжанұлы се­кілді нар тұлғалы жігіттерден кенде емес. Солардың соңынан еріп, ізін баспақ ниетпен дзюдо күресімен айналысып жүрмін. Алдағы уақытта жастар арасында әлем чемпионы атанып, ересектер арасында әлемдік доданың жүлдегері атанғым келеді. Мені спортқа жетелеген нағашы ағам Ер­жан Бегалин болатын. Басын­дағы қызығушылық кейіннен құш­­тарлыққа ұласты. Қазір бір күнімді спортсыз өткізе алмаймын. Спортты сүйген жастар қазір Кен­же­зәру Қашқыноваға қарап бой түзейміз. Оның балуандық өнеріне тәнті болып, жетістігін қайталасақ деп армандаймыз. Қазір тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүрмін. Ата-анам жігерімді жанып, әркез дем беріп отырады.

– Ірі додаларды өзің­ді қалай сезінесің? Қала­лық бірін­ші­лік­термен салыс­тыр­ғанда әсерлі шығар?

– Сөзіңізбен келісемін. Әсіресе, осы жолғы Орал қаласында өткен аламан біздер үшін жемісті болды. Сәт сайын Қазақстан әнұраны шырқалып жатқанда, бойыңды ерек­ше мақтаныш сезімі билейді екен.

– Алда қандай жоспарларың бар?

– Қазір жоғарғы оқу орнына түсуге дайындық үстіндемін. Ал, спортқа әрқашан уақыт та­буға тырысамын. Кез келген спорт­шының арманы – Олимпиада чем­пионы атану. Менің де мақсатым осы. Лондонда өткен Олимпиада ойындарында Ресей, Жапония, Ко­рея, Куба, Бразилия сынды осы спорт түрі қарқынды дамыған елдердің балуандары жүлде алды. Біздің де спортшылар келешекте осындай мықтылармен қарсыласа алады деп сенемін.

– Армандарың орын­да­ла ­берсін!

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.