Сәтбаевтық татарлар «Сабантуйын» тойлады

Өткен аптаның соңында Сәтбаев қаласындағы «Дуслык» татар-башқұрт этно-мәдени орталығы татар халқының «Сабантуй» мейрамын салтанатты түрде атап өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орайластырылып өткізілген бұл мәдени іс-шараға қала әкімі Әнуар Омар, Қазақстан халқы Ассамблеясының аймақтық жетекшісі Зинаида Чумакова, Қарағанды облысы әкімдігі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» орталығының бөлім басшысы Александр Урмашов және қаладағы этно-мәдени орталықтардың жетекшілері мен қала тұрғындары қатысты.

Қала жұртшылығы мен меймандарына көтеріңкі көңіл-күй мен қуаныш сыйлаған мереке флеш-мобпен басталды. Этно-мәдени орталықтың мүшелері татар-башқұр халқының салт-дәстүрлері мен мәдениетін нақышына келтіре көрсете білді. Татар халқының делебеңді қоздырар әндері мен билері, ұлттық ойындары мерекенің әрін аша түсті. Ұйымдастырушылар «Сабантуйға» көрермендерді де тарта білді. Олар әсіресе, ұлттық ойындар мен биге қатысып бауырлас халықтардың қуанышын бірге бөлісті. «Куреш» деп аталатын ұлттық ойын көрермендер арасында өтіп, жұртшылықты күлкіге кенелтті.

Мереке соңында қала әкімі Әнуар Омар сөз сөйлеп, халықтар арасындағы бірлік пен берекенің мызғымас үлгісін көрсеткен татар-башқұрт этно-мәдени орталынына алғыс айта келіп, еліміздің осындай ынтымағы мен бірлігінің арқасында Қазақстандағы сан ұлттың өкілі алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп жатқанын тілге тиек етті.

Кеш қонағы Зинаида Чумакова мен Александр Урмашов та Қазақстанның күші оның халқының бірлігінде екенін айта келіп, мұндай іске еліміздегі этно-мәдени орталықтардың мұрындық болып отырғанын жеткізді. Облыс орталығынан келген қонақ Александр Урмашов облыстық «Ихлас» татар-башқұрт этно-мәдени орталығының төрағасы Анвара Керейбаеваның Алғыс хатын оқып берді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.