ХХІ ғасырдың әйелдері

Жұма күні Б.Бұлқышев атындағы орталық кітапханада «Нұр Отан» ХДП-ның бастауыш партия ұйымдары мүшелері әйелдер арасында конкурстық бағдарлама өткізді. Бұл іс-шараға әр түрлі салада қажырлы еңбек етіп, өз ісінің майталманы болып жүрген қаламыздың біршама іскер әйелдері қатысты.Бағдарламаны өзінің әсем әнімен жергілікті әнші Ж.Омарова ашты. Отырысты қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Есмұрзаева жүргізіп, кездесудің мақсатына тоқталды:

– Бүгінгі кездесуді Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың Сәтбаев қалалық қоғамдық штабының ұйымдастыруымен өткізіп отырмыз. Үгіт-насихат науқаны кезінде қаламызда көптеген іс-шаралар өткізілуде. Бүгінгі өздеріңізбен жүздесу де осының айғағы.

Қазіргі заманда қыздар мен әйелдер қызмет етпейтін сала жоқ. Олар билікте де, білім мен денсаулық саласында, бизнес пен саясатта, өндіріс пен мәдениетте, құрылыс саласында да жұмыс істеуде, – дей келе Гүлсім Пазылқызы сөз кезегін осындай іскер әйелдердің бірі, қалалық мәслихаттың аппарат жетекшісі Қ.Махамбетоваға берді.

Өз кезегінде Қарлығаш Мәмедқызы күні кеше Астана қаласында өткен Қазақстан әйелдерінің І съезіне делегат болып сайланып, съезд жұмысына қатысып келгендігі жөнінде айтты. Қатысушыларға съездің мақсаттары, одан алған өз әсері туралы қысқаша баяндап берді.

Әйелдердің халықаралық күні қарсаңында, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап өткізілген қалалық «Асыл әжем – ғасыр әжем» сайысының бас жүлдегері Лиза апай, «Күміс алқа» иегері, ардақты ана Қ.Тұрсынбекова, №4 отбасылық дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Қ.Табанова да кездесуге келгендердің алдында өз өмірлері мен кәсіптері жөнінде айтып, қазіргі кезде қолдары жетіп отырған бақыттың барлығы тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың арқасында екеніне тоқталды.

Кездесу соңында «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы атынан бағдарламаға қатысқандарға «Әйел – отбасы берекесі», «Әйел – ана», «Әйел – өз ісінің майталманы», «Әйел – мемлекеттік қызметші» номинациялары бойынша сыйлықтар тапсырылды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.