Маркшейдер қыз

«Жомарт» кенішінің учаскелік маркшейдері Әсем Байшағыр Сәтбаев қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты техникалық колледж түлегі. 2012 жылы «Маркшейдер ісі» мамандығын алып шыққан жас қыз еңбек жолын бірден «Жомарт» кенішінде кен жұмысшысы болып бастады. Кейіннен маркшейдердің міндетін атқарушы, учаскелік маркшейдер қызметтерін абыроймен атқарып, жауапкершілігі, ұқыптылығымен көзге түсті.

Жобалау институттары, техникалық бөлімдер жобасы бойынша кеншілерге бағыт-бағдар сілтеп отыратын Әсем Серікқызы кен қазу жұмыстарын үнемі бақылауда ұстайды.

– Қазу жұмыстары жүру үшін бірінші проходкалау сызықтарын жүргіземіз. Оның өзіне тән өлшемдері бар. Содан ауытқымауымыз керек. Мәселен, жұмыс орындарындағы шудың деңгейін шектеу әртүрлі әдістермен орындалады. Жерасты бөлмелерінің бір-бірімен ортақ фундаменті немесе қабырғалары болмау керек. Шудың сыртқы көздерін, трансформаторлар, бу және газ құбырларын олардан алшақ орналастыру керек, – деген маркшейдер қыз жұмысының қыры мен сырын барынша түсіндіруге тырысты.

Айтуынша, кеніштерде пневматикалық және электрлік машиналармен жұмыс істеген кезде діріл әсерінен қолды қорғайтын жеке қорғаныш құралдары пайдаланылады. Оларға амортизациялық белгілері бар қолғаптар мен биялайлар жатады. Қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мақсатында машиналардың техникалық күйін нормативтік-техникалық құжатта қарастырылған жағдайда ұстау, діріл әсерінің ұзақтылығын реттейтін еңбек тәртібін енгізу секілді ұйымдастырушылық-техникалық шаралар жүргізі-леді. Сөз арасында Әсем Серікқызы өндірістегі жарықтану жағдайына да тоқталды.

– Жұмыс барысын анық көре білу еңбек үрдісін табысты орындаудан басқа өндірістік жарақаттарға тосқауыл қойып, оны болдырмауға септігін тигізеді. Сонымен қатар, еңбекті қорғау саласындағы ең өзекті мәселе болып табылады. Жарық көзін тиімді жобалау арқылы жұмыс сапасын арттыра аламыз. Сондай–ақ, еңбек үрдісіне, жұмыс қабілетіне және денсаулықты сақтауға септігін тигізеді, – дейді.

Ол өндірістегі тәлімгері Жанна Имамбековадан көп нәрсе үйренгендігін, еңбек ұжымының береке-бірлігі жарасқан ұйымшылдығын мақтанышпен жеткізді.

– Біздің бөлімде Сұлтан Дархан, Данияр Оспан, Оксана Каровина, Сұлтан Елеукенов сынды өз ісінің шеберлері жетерлік. Бір-бірімізбен үнемі тәжірибе алмасып отырамыз. Бас маркшейдер Равил Ибраевтің ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Алда мақсат-жоспарлар жетерлік. Соның бірі өз мамандығымды жетік меңгеру. Оған біраз уақыт керек. Болашақта білімімді жетілдіріп, кеншілердің қауіпсіздігі мен игілігі үшін еңбек ете бермекпін, – деп аяқтады әңгімесін маркшейдер қыз.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.